Павлодар облысының Полиция департаменті уақытша әкімшілік қамауға алынған азаматтарды тамақтандыруға 22 444 671 теңге қаржы бөлді, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысының Полиция департаменті "Ыстық тамақты ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу" деген тақырыппен жариялаған тендерге өтінімдерді қабылдау 19 тамыз күні басталып, жеңімпаз компания 3 қыркүйек күні анықталады. Мемлекеттік сатып алу үш лоттан тұрады. Тендер жеткізуші үш лоттан тұратын тапсырысты орындауы үшін 12 ай бойы күніне үш уақыт (таңғы ас 07-00 минуттан 08-00 минутқа дейін; түскі ас 12-00 минуттан 13-00 минутқа дейін; кестеге сәйкес кешкі ас 18-00 минуттан 19-00 минутқа дейін) тамақ жеткізіп тұруы керек. Тапсырысты орындау уақыты 2024 жыл деп анық көрсетілген. Демек тендер жеңімпазы 12 айлық жұмысты төрт-ақ ай атқарады деген сөз.
Техникалық сипаттамада бір адамға арналған тамақтың құны тәулігіне 2100 теңгеден аспау керектігі де айтылған. Бірақ, нақты қанша адамның тамақтанатыны көрсетілмеген.
Бізді мына сұрақтар мазалайды. "Жыл басында өтуі тиіс тендер неге енді ғана жарияланып отыр?", "Уақытша әкімшілік қамауға алынған азаматтар он екі айға бөлінген тамақты төрт айда жеп тауыса ала ма?".
22 444 671 теңгені 2100 теңгеге (күндік тамаққа) бөлсек, 10 687 адамның қаржысы шығады. Павлодар облысының Полиция департаментіне қарасты үш мекеме алдағы төрт айда он мыңнан астам азаматты уақытша қамауға алуы мүмкін бе?
Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге жолдадық. Олардан жеткен жауапты алда жариялайтын боламыз.
Асыл Абай
Адырна ұлттық порталы