Екі күннен бері толассыз жауған жаңбыр салдарынан Астана көшелерін су басты, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Қазгидрометтің мәліметінше, Қазақстан астанасында екі күнде 48 миллиметр жауын-шашын түсті. Негізі қазіргі уақыттағы айлық норма – 31 миллиметр жауын-шашынды құрайды. Осылайша, екі тәулікте жауған жауын-шашын мөлшері бір жарым айлық нормадан асып түсті”, деп түсіндірді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бүкіл қала бойынша 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылған және олар су сору жұмыстарын жүргізуде. Сонымен бірге, синоптиктердің болжауынша, жауын әлі де бірнеше сағатқа созылады.
«Коммуналдық қызметтер коллекторлар мен жаңбыр суы кіретін жерлерді тазарту, бу шығару құбырлары, су сору, нөсер кәріз жүйелері мен тазарту құрылыстарын салу бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде», - деп атап өтті әкімдікте.
Су тасқынына байланысты бірқатар көшелерде көлік қозғалысы шектелді:
- Тұран даңғылының бойымен Керей және Жәнібек хандар көшелерімен Ұлы Дала даңғылына қарай;
- Хусейн Бен Талал көшесінің бойымен Ұлы Дала даңғылына қарай;
- Ұлы Дала даңғылының бойымен Қабанбай батыр даңғылынан және Айтматов көшесінен;
- Нәжімеденова көшесі Тәуелсіздік көшесінен Аманжолова көшесіне дейін.
Қала билігі қала тұрғындары мен қонақтарын мұндай қолайсыз ауа райы кезінде жолға шықпауға шақырды.