20 рет соққы жасаған. Астанада туысын пышақтап өлтірген геймер ұсталды

1000
Adyrna.kz Telegram

Астанада 21 жастағы геймер ойынға қатысты ескерту жасаған туысын пышақтап өлтірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

«Күдікті, елордада тұратын 21 жастағы азамат, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жанжалдың себебі туыстарының оған жасаған ескертуі болған. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-каналында 21 жастағы ер адамның немере ағасын өлтіріп, үш туысын пышақтағанын жазды. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың арасында компьютер ойынына байланысты жанжал болған.

«Жігіттің жалғыз әуестігі – Standoff 2 ойыны болған, онда қарсыластарды атып, граната лақтырып, пышақпен шабуыл жасауға болады. Тергеу нұсқасы бойынша, сол қайғылы түні жігіт смартфоннан сүйікті ойынын ойнап отырған. Түнгі сағат үш шамасында туысы одан телефонды өшіріп, ұйықтауын сұраған. Себебі бүкіл отбасы демалып жатқан. Бірақ ол өтінішке назар аудармаған», – деп жазды Козачков.

Журналисттің айтуынша, кейін туысы жігіттен қайтадан тыныштық сақтап, басқаларға ұйықтауға кедергі келтірмеуін талап еткен. Бұл жанжалдың себебі болуы мүмкін.

«Барлығы ұйықтап жатқанда, Жанғали Жұматаев ас үй пышағын алып, немере ағасына – ескерту жасаған туысының ұлына 20-дан астам соққы жасаған. Жарақат салдарынан 28 жастағы ер адам жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Оның айқайынан оянған басқа туыстарына да Жұматаев пышақпен шабуыл жасаған. 50 жастағы әйелдің беті мен мойнында көп жарақаттар бар, 60 жастағы әйелдің қабырғалары сынған, кеуде тұсында және басқа дене бөліктерінде жарақаттар бар», – деп жазды журналист.

Козачковтың айтуынша, шабуылдаушының немере қарындасының басында, кеудесінде және арқасында көптеген пышақ жарақаттары бар.

«Қазір үш зардап шеккен әйел ауруханада. Олардың тірі қалуға мүмкіндігі бар», – деп қорытындылады журналист.

Пікірлер