Ауыл әкімдігі жасырын дауыс беретін кабина жасауға 3,5 миллион теңгеден астам қаржы бөлді

1260
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Қарғалы ауылдық округі әкімінің аппараты жасырын дауыс беретін кабина жасауға 3 607 142 теңге қаржы бөлді, деп хабарлайды “Адырна”ұлттық порталы satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған мемлекеттік сатып алу 1 тамыз күні "Жасырын дауыс беру үшін кабина жасау жұмыстары" деген тақырыппен жарияланған. 3 607 142 теңгеге бағаланған тендер жеңімпазы 8 тамыз күні анықталады. Ең қызығы satypalu.gov.kz сайтындағы техникалық сипаттама парақшасы ашылмайды. Онда екі файлдың көшірмесі сақталыпты. Біріншісі, тек түсініксіз таңбалар мен сандарға толып тұр. Екіншісіне әлдебір видео-таспа жүктелген. Ол таспадан да жасырын дауыс беретін кабина туралы дерек таппайсыз. Яғни, ауыл әкімдігі қанша кабина жасатпақ екенін, әр кабинаның құнын қаншаға бағалап отырғанын анықтау мүмкін емес.

Осыған орай Алматы облысының мемлекеттік сатып алу басқармасынан төмендегі сұрақтарға жауап беруін сұраймыз.

1. "Жасырын дауыс беру үшін кабина жасау жұмыстары" деген тақырыппен жарияланған мемлекеттік сатып алуда неге техникалық сипаттама жоқ?

2. Интернеттегі ашық дереккөздердің мәліметі бойынша бұған дейінгі сайлауларда аталған ауылдық окургте №280,  № 281, № 284, № 285 атты төрт сайлау учаскесі жұмыс істеген екен. Қарғалықтар сол бар болғаны төрт учаскенің жасырын кабинасы үшін 3 607 142 теңге қаржы жұмсамақ па?

3. Мемлекеттік бюджеттен облыстағы әр сайлау алдында жасырын кабина жасату үшін қаржы бөліне ме?

Бұл сұрақтарға басқарма тарапынан келген жауапты алдағы уақытта жариялайтын боламыз!

Ақан Асыл

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер