Ақ патша заманындағы алғашқы петиция

1155
Adyrna.kz Telegram
Сурет: e-history.kz
Сурет: e-history.kz

XX ғасырдың бас кезінде қазақтар арасында петициялық қозғалыс елеулі түрде етек алды. Халқымыз өзінің өмірлік маңызы бар шұғыл мәселелерін петициялар жолдау арқылы шешуге тырысып көрді. 1905 жылдың 25 шілдесінде Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесіне жиналғандар патша үкіметінің отарлығына қарсы петиция қабылдады. Бұл ақ патша заманында тұңғыш рет отаршыл империяның басшылығына жолданған салмақты саяси құжат еді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қарқаралы петициясында өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды түрде бекіту, отаршыл аппарат шенеуніктерін қысқарту, жоғары билік органдары мен Мемлекеттік Думаға қазақ депутаттарын сайлауға қатыстыру талаптары қойылды.

Петиция мәтіні Ресей патшасының атына ғана жолданып қойған жоқ. Оның көшірмелері «Сын Отечества» және «Русские ведомости» сияқты орталық газеттерде жариялануы үшін басылым редакцияларына да жіберілді.

«Қазақтардың мүддесін кім қорғайды? Олардың мұң-мұқтажын кім біледі, халықтың өзі сайлаған өкілдері болмаса, сол халықтың тілегі мен қажетін өтеудің жолдарын кім көрсетеді? Қалай дегенде де бізді әлдекімдердің танығысы келмейтініне жауапты емеспіз. Патша Ағзам, Сізден басымызды иіп сұраймыз: Сайлауға қатысуға ерік беріңіз, мемлекет билігінде қазақтар болса ғана біздің мұң-мұқтажымыз ескеріледі және шешіледі. Сонда ғана біз, қазақ халқы, Империяның басқа халықтарымен тең екенімізді сезінеміз», - делінген петицияда.

Айта кетейік, 1905 жылдың 25 шілдесінде қабылданған саяси құжатқа Абыралы болысынан - Мұса Құлбаев, Сүлеймен Қойсоймасов, Ақбота болысынан Жүсүп Құлбатыров, Бектібай Ботабаев, Бөрілі болысынан Толмұхамет Алтынторин, Рақия Сатпаев, Дегелең болысынан Керімхан Төлебаев, Тышқанбай Қашақов, Темірші болысынан Секербай Қанғожин, Оспан Жанғабылов қатарлы азаматтар бастаған мыңдаған адамдар қол қойды.

Пікірлер