Суицид жағдайлардың 4%-ы жасөспірімдердің қатысуымен орын алады

844
Adyrna.kz Telegram

Бидайдың қауызына сиятын шыбын жанын бір сәтте қиятындар бар. Өз-өзіне қол жұмсау ғасыр дертіне айналған. Бұл тіпті дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіті назарында.  Қыркүйектің 10-ы  дүниежүзілік суицидтің алдын алу күні деп белгіленген. Әлем жұрты болып, бұл күні теріс пиғылдан арылудың жолын жан-жақты насихаттайды. Алайда, сең орнынан қозғалмайды. Өкінішке қарай, жылда 700 мың адам бұ, жалғамен қоштасып жатады.

 Көңілге қаяу түсіретін-ақ, дерек. Суицидолог дәрігерлер өз-өзіне қол жұмсауға апаратын 800 түрлі себеп бар дейді. Мойдындамасқа болмас, суицидке барудың басты түйіні халықтың әуелгі әлеуметтік жайында. Кедейлік жайлаған елде ертеңіне сенбейтіндер көп болары, ақиқат. «Амалым жоқ», деп асыл өмірін, ала жіпке артып, өзін-өзі өлімге қияды.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде әрбір 40 секунд сайын бір адам суицид жасайды екен. Бұл ретте, Қазақстанда қалыс қалып тұрған жоқ. Еліміз суицид дерегі бойынша, әлемде алғашқы жиырма мемлекеттің қатарында. Ол аз десеңіз, жасөспірімдер арасында сиуцидке барудан әлемде үздік үштікке енеміз. Елімізде өткен жылы кәмелетке толмаған 169 жасөспірім өз-өзіне қол салып көз жұмған.  Бүгінде мемлекет майшаммен қарайтын бұл мәселе айылын тартақанның орнына, күн санап өршіп барады.

Жасөспірімдер арасындағы суицидтің белең алғаны сонша, елде өзіне-өзі қол жұмысау жағдайларының 4 пайызы 18 жасқа дейінгі жастардың ойсыз әрекетінен тіркелген статистика болып тұр.  Суицид 15 пен 29 жас аралығындағы адамдар арасындағы  өлім-жітімнің төртінші негізгі себебі болып табылады екен. Сандарға қарап, санаңда сілкініс болары заңдылық.

Өзін-өзі өлтіру дерегі тіркелген жағдайда, оның себебі мен салдары ашылмаған күйінде қалады-мыс. Мамандар, көптеген жағдайларда 60%-ға дейін «басқа» санатқа жатады, бұл нақты жағдайды анықтауға мүмкіндіктің аздығын көрсетеді, дейді.

Жалпы, балалар арасында өзін өлімге қию бұл психологилық тұрғыдағы оның ішкі жан айқайымен ұштасып жатыр.  Ғалымдар суицидке барудағы негізгі ой, айналасынан көмек күту, назар аударуын талап ету деген пайымда.

Ата-ананың қолдауын сезінбеу, ұстазы, өзінің қатарластарымен тіл табыса алмау, күйзеліске ұшыратып, соңы өзін өлімге қиюға әкеліп соғады екен.

Мұндайда психологтар ата-аналарға баламен «сау» қарым-қатынас орнатудың маңызылдылығы, оның адамның психологиялық жай-күйіне елеулі әсер ететінін еске салады.  Өйткені, бала үшін әлеуметтік жағдайдан бұрын, айналасымен әлеуетті қарым-қатынас түзу аса маңызды.

«Баланың көңілі далада» деп, өтпелі кезеңде маңызды сәттерді ата-ана назарынан өткізіп алудың соңы да жақсылыққа алып келмесі анық.  Бала отбасында жылулық көрмесе, ана мейірімі мен әкенің шапағатына бөленбесе, ұядағы махаббатты сезіне алмаса, керісінше үйдегі жанжал мен тұрақсыздықты көрсе мұның бәрі баланы эмоционалдық тұрғыдан әлсіретеді. Сәйкесінше, стресс жағдайларда оған қарсы иммунитеттің қалыптасуын қиындатады, салдары орны толмас қайғыға душар етеді.

Өмірдегі кедергілер – бұл баланың ата-анасымен бірге еңсеруі керек мәселесі. Жасөспірімдерді ата-анасы бар болмысымен қабылдап, қолдау керек. Дұрыс емес тұстарын ақылмен, мейіріммен түсіндіргені абзал. Бұл кезеңде балалар өздерін ешкім жақсы көрмейтіндей сезінеді. Сол себепті ата-анасы мен жақындарының қолдауы маңызды.

Жасөспірімдік шақ- өтпелі кезең, құбылмалы мезет. Мінез-құлықта өзгерістің орын алар уақыты. Жазылмаған заңдылыққа сүйенсек, мектептегі мәселелер, достарымен қарым-қатынас сынды өтпелі қиындықтарды баланың қабылдауы оңайға түспейді. Сол себепті, туғаным дегендер жанынан табылса, бала үшін сол сәттегі түрлі қилы кезеңдерді еңсеру әлде қайда жеңіл болар еді.

Психологтар, бала мұндай әркетке жайдан-жай бармайтынын алға тартуда. Өзі үшін ауқымды мәселе болып көрінген істің шешім таппағанда, айналасынан қолдау мен көмек көрсетілмеген кезде жас жанын қиып, өзіне қиянат жасауы мүмкін. Жасөспірімдердің суицидке баруы «мен кетсем, барлық мәселе шешімін табады» деген оймен тікелей байланысты.  Мәселенің түпкі мәні де, жанның «тыныштығын» ойлауда жатыр, дейді мамандар.

Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі мемлекеттік деңгейде мән беріліп, мамандар мен жауапты орындардағы қызметкерлердің бірлесе жұмыс істеуін қажет етеді. Олармен тәрбие жұмыстарын жүргізу, тұлғалық дамуындағы дара тұстарын анықтау өсіп келе жатқан жастың санасына сәуле жүргізері хақ.

Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін мектепке кәсіби психологтар керек. Себебі ондай әрекетке бейім балалармен жеке-дара жұмыс істеуге мектеп психологтарының қауқары аздық етеді. Ақпарат ағынының дамыған уақытында мектеп психологтары әр баламен жүйелі жұмыс жасап, жеке-жеке зерделеу жұмыстары жүргізілсе құба-құп. Әсіресе, психологиялық әлсіз балаларды жіті қадағалап, өмірде туындаған кез келген қиындықтың шешімі болатынын әрі уақытша екенін түсіндіріп, бала санасына сіңіретіндей жұмыстар жүргізу керек-ақ. Ұлттың ертеңгі кемел келешегі, тұтқасын ұстар арда перзенттері деп үкілеп үміт күтер жастарымыздың жалын атар шағында, жаңылысуына жол бермеу керепіз.  Олардың жасындай жанып, от болып лаулауы сіз бен біздің қолымызда. Гүл өмірлердің қыршынынан қиылғанын көру, бұл тұтас ұлттың қайғысы. Қабырғамыз сөгілмесін десек, қаршадай балалардың тағдырына бей-жай қарауға болмайды. Себебі, жастар-елдің болашағы.

Пікірлер