Арыстанбектің атқа мінетін мектебі мемлекетке қайтарылды

1458
Adyrna.kz Telegram

Экс-мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Tengrinews.kz агенттігінің ақпаратына сәйкес, Алматы қаласы Жетісу ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша құны 1,2 миллиард теңге болатын мемлекеттік мүлік қайтарылды.

17 шілде күні Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебін сату жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енді.

Cонымен қатар, сотта нысанның нарықтық құнын 551 млн теңгеге төмендету көрініс тапқан заң бұзушылықтар расталды.

Әкімшілік ғимараттардың, спорт залдарының және басқа да құрылыстардың 7,6 мың м2, сондай-ақ 4,9 га жерді құрайтын мектептің мүлкіне, Арыстанбек Мұхамедиұлымен аффилирленген тұлғаларға тиесілі "Nomad's Land" ЖШС иелік еткен.

Еске сала кетсек, Арыстанбек Мұхамедиұлы бұған дейін екі іс бойынша айыпты деп танылды. Алдымен Ұлттық музейдегі жемқорлық дерегі бойынша 8 жыл арқалады, кейін сол жазаны жеңілдету үшін адвокаты арқылы пара беріп, тағы айыпты деп танылды. Алғашындағы сегіз жыл жазасына тағы үш жыл қосылып, 11 жылға сотталды. Сот үшінші іс бойынша да кінәлі деп тапқанның өзінде, тағы 12 жыл жаза қосылмайды. Заң бойынша, айыпталушы кесілген үш жазаның ішіндегі ең ауырын өтеуге тиіс.

Пікірлер