«Құлдық емес, қулық керек». Қытай төрағасының сапарынан не күтеміз?

7365
Adyrna.kz Telegram

Қазақ-қытай қатынасында ескерілуі керек жайлар аз емес. Қазақстанның Қытаймен санасатыны секілді, Қытайдың да Қазақстанмен қатынаста есептесетін тұстары болуы мүмкін. Осындай ойын амалдары қалай іске асып жатыр? Қытайда туып, өскен қаламгерден осы турасында сұрап көрдік.    

2 шілде күні ШЫҰ саммиті қарсаңында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Си басшымен екі жақты келіссөздер жүргізіп, бірқатар мәселелерді талқылағаны айтылды. Екі елдің «етене» аралас-құраласы жайлы жазушы-тарихшы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлының пікірін білдік.

«ҚЫТАЙ ӨЗГЕНІҢ ДОСТЫҒЫ МЕН БОСТЫҒЫН ПАЙДАЛАНАДЫ»

- Соңғы бес жылдағы Қазақстан-Қытай арасындағы қатынас сипаты жайлы ойыңыз қандай? Не өзгерді?

- Қазақстан-Қытай арасындағы қатынастың тамыры тың тереңде. Екі ел бір-біріне экономикалық жақтан, қауіпсіздік жақтан мүдделі. Қазақстан – Қытай үшін Орталық Азиядағы өзге елдер арасында маңызды стратегиялық ел. Сол үшін де Қытай, Ресей байланыстарының кейбір түйіндеріне АҚШ-тың өзі назар аударады, бей-жай қарай алмайды. Ендеше, Қазақстан Қытаймен болған қарым-қатынасында әрі терезесі тең әріптестікті, әрі экономикалық істестікті көбірек көздейді. Қытай елі біздің елді ғана емес, көптеген елдерді өз экономикасына қажетті базар санайды. Сол үшін де олар бір миллиард халықты асырау үшін, «тамағы тоқ, көйлегі көк» дәрежеде ұстау үшін өзгенің достығы мен бостығын мейлінше пайдаланады.

Соңғы жылдары осы тәуелділіктің, осы «мүмкіндікті пайдаланудың» қарқын алғаны байқалады. Мұның да көп түрлі себебі бар. Пандемия кезеңі көп елдің экономикасына әсер етті. Қытай экономикасы дағдарысқа тап болды. Ресей елінде де дағдарыс, санкция әсерінен болған құлдырау байқалды.

Көрші алып елдердегі бұл жағдай бізге де ықпал етті.

Ел экономикасының әлсіреуі байқалды. Аталған елдердің бізге тәуелділігі секілді біздің де оларға тәуелдік мұқтаждығымыз артты. Сол себепті де қазіргі жағдайда Қазақстан Қытаймен, Қытай Қазақстанмен барынша байланыс жасауға, экономикалық мәселелерін оңдауға құлшыныс жасауда. Бұл жағдай Қазақстан экономикасына аз да болса әсер етті. «Бір белдеу - бір жол», тауар айырбасы, ауыл-шаруашылық өнімдері, базарлық жағдай, туристік саяхат, қауіпсіздік, визасыз режим, т.б. жақтарында бізге де, Қытайға да тиімді болған барыс-келістер, қарым-қатынастар тереңдеді.

ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІГІ

- ҚХР төрағасының осы күндердегі елге сапары жайлы өз көзқарасыңыз?

- Сапар аясындағы келіссөздердің негізгі бағыты экономикалық қарым-қатынастар, айырбас, импорт-экспорт мәселесі болғанымен екінші жағынан қауіпсіздік мәселесі де қосымша қаралуы мүмкін.

Әлемдік аренадағы түрлі өзгерістер, Ресей жағдайы, АҚШ-тың ашық және жасырын ықпалы мәселелерінде Қытай төрағасын алаңдатарлық жағдайлар да жоқ емес. Экономиканы бетперде етіп, басқаны өзіне жіпсіз байлау – олардың ашық айта бермейтін ішкі саясатының бір бұтағы. Сондықтан да олар Қазақстан секілді шағын елдерді «айтқанына көнетін, айдағанына жүретін» ішкі тәуелділікте ұстауды көздейді. Мұндай жағдайда біз қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қоя отырып, олардың экономикалық тиімділіктерін пайдалануға мүдделіміз.

- Ал Қытайдың қандай экономикалық тиімділіктерін пайдаланғанымыз дұрыс? Нақтырақ айта кетесіз бе?

- Ең бастысы елімізде сақталып отырған нарықтық қиындықтар, экономикалық тепе-теңсіздіктер, туризм, әр түрлі өнімдер байлығы сынды жақтардан олардың мүмкіндігін пайдалануымыз керек. Оған бола «Қытай жаулап алады» деп жалаулататын қорқыныштың қажеті жоқ. Алайда экономикалық тәуелділік ешқашан ұлтты тәуелдеуге, ел мен жерді тәуелдеуге жол бермеуі тиіс. Ұлт мүддесі мен мемлекет мүддесіне толық кепілдік етілген әрқандай келісім шарттан бас тартпауымыз қажет.

БІЗГЕ «ҚУЛЫҚ» КЕРЕК

-  Си Цзиньпиннің осы сапарынан кейін не күтесіз?

- «Бір қуаныш, бір қайғы» демекші, Қытай экономикасының, Қытай саясатының тиімді жағы бізге пайдалы. Алайда, әр нәрсеге аса сақтықпен қарап, өзіне пайдалы тақырыптар үшін ғана жанын сала іске кірісетін олардың ішкі саясаты мен «бақай қулығына» да назар аударған жөн. «Ашық боламын деп, шашық болма», «кәпірмен дос болсаң беліңде балта болсын», «он өлшеп, бір кес» сынды сөздерді айтқан аталарымыз өзгені төріне шығарса да төбесіне шығармаған. Абылай туралы орыс, қытай деректері «Ол өте қу, айлалы, алдап кетеді. Абайлау қажет!» деп қарады. Бізге де сол «қулық» керек.

Олай болса, Си Цзиньпиннің осы сапарына құлдық пиғылмен емес, «қулық» пиғылмен қарайтын ақыл керек. Тең, тату көршіліктің тамырын тереңдетіп, ел еңсесін барынша көтеретін барлық мүмкіндік біз үшін де пайдалы болмақ. Осы жағынан қарағанда үлкен елдің басшысы Си төрағаның қадамы жамандық әкелмейді деп ел саясатына сеніммен қарауымыз қажет.

- Жауабыңызға алғыс!

 

Дина Литпин

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер