«Қасқабасовта қасқа жол, басқаларда басқа жол»

2055
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – алты алаштың абызы, ғұлама ғалым, ғылым ісін ұйымдастырушы біртуар қайраткер, түркі халықтары фольклортану ғылымына соны бетбұрыс әкелген бірегей тұлға Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың  туған күні.

Ғалымды еске алып, Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлы Facebook парақшасында жазба қалдырды.

“Сейіт Асқарұлы бағзы заманнан жалғасқан бай мұрамызды жаңаша зерттеудің теориялық-әдіснамалық  негіздерін,қағидатын,  жанрлық сарасын жасаумен бірге ұлтымыздың ой-өрісін түлетіп, түрленітіп, алға сүйреген ойшыл, жаңғыртушы тұлға. Оның қадау-қадау ешқашан ескірмейтін  іргелі монографиялары бір төбе, әйгілі қазақ  халық қазынасының таңдаулы нұсқалары топтастырылған, жүйелеген «Бабалар сөзі» жүзтомдығы бір төбе. Жүзтомдық  фольклорлық мұра әлем халықтарында әлі жарық көрмеген, демек бұл еңбекпен теңдесе алатын  ешқандай мирас дүниежүзінде жоқ, бола да қоймас деп ойлаймын. Бұл  – қазақ халқының жадысы берік, тамыр  бауы терең,жауһарлы,ырысты ел екендігінің көрсеткіші, әрі Сейіт Асқарұлындай академик абыздың көз майы, маңдай тері, жанкешті еңбегінің  үлкен дәлелі.

Сиыршыға да  еңбек ерін шүлендей таратып жүрген сыйшыл халықпыз,  бейнетқор академик ағамызға көзі тірісінде ҚР еңбек ері атағы бұйырады деп кәміл сенем.   Бабалар аруағы жар болып Сейіт Асқарұлы көке жүз жасаңыз,   кейуана, барша ғалым шәкірттерді маңдайынан сипап, ақ дастархан жайып, құрақ ұшатын Тамара тәтеміз екеуіңіз немере-шөбере, іні-қарындастардың қызығын көріп, тәуелсіз еліміздің арқатірегі, тұмары, айбыны болып бақытты шат-шадыман ғұмыр кешуге Тәңір жар болсын. «Қасқабасовта қасқа жол, басқаларда басқа жол» деп ақын ағамыз айтқандай дара даңғыл-сүрлеуіңіз ұзаққа, алысқа жалғаса берсін”, деп жазды Ақеділ Тойшанұлы. 

Пікірлер