"Қан мен тер". Ғасырға кенелген ғұмыр

1544
Adyrna.kz Telegram

Бүгін қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына - 100 жыл.

Қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбдіжәміл  Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Мәскеудегі М. Горький атындағы әдебиет институтын бітірген.

1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болған. 1992-2000 жылдары Қазақ ПЕН-клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.

Тұңғыш шығармасы – Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романы кейіннен өңделіп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланды. «Қан мен тер» трилогиясы және «Сең», «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. «Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдеріне аударылған. Осы роман бойынша жасалған инсценировкасы М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алып, экранға шығарылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрген. А. Чеховтың, М. Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А. Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

1974 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанған. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Пікірлер