Шенеунік спортшы шенеунік ақынды сотқа беруде

4187
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанға танымал айтыскер ақын, Жүрсін Ерманның "Қайқы қылышы" атанған  Бауыржан Халиолланы Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева сотқа беріпті. Бүгінде Орал қаласындағы Қадыр Мырза-Әлі атындағы өнер орталығының басшысы болып қызмет атқаратын шенеунік-ақынның "айыбы" облыстың бас спортшысының қызметіне мін тағуы екен. Әсия ханым өзінің ар-намысына тиген Бауыржан Халиолланы сотқа беру арқылы ар-намысын 1 миллион теңгеге бағалапты. Бұл туралы Бауыржан Халиолла өз Фб парақшасында жазды. Біз Бауыржанның жазғанын қаз-қалпында беріп отырмыз.

ҮНДЕМЕЙІН-АҚ ДЕП ЕДІМ

"БҚО ның бас спортшысы мені сотқа беріпті. Ар-намысының құны - 1 млн теңге екен.
Қысқаша айтқанда мен "өз жұмысын мүлтіксіз орындап жүрген ханымға текке "тиісіппін", сөйтіп абыройына нұқсан келтіріппін"
Сірә мені сауатсыз, заңнан хабарсыз, көлденең көк аттылы деп ойласа керек.
Анау-мынау емес, "қылмыстық іс қозғаңыз" деп шағымданыпты.
Мен не, қылмыстық іс қозғайтындай жеке басына "парақор, жемқор, жезөкше, қылмыскер" деп жала жауыппын ба???
Әлеуметтік желіде кәсіби журналист ретінде БҚО спорты туралы бәрін зерттеп, зерделеп, нақты дәлелмен, дерекпен жаздым.
Сонда қалай, бұл кісіге ешкім ештеңе демеу керек пе???
Онсыз да Батыстың спорты батпаққа батып тұр. Соны жөнге салудың орнына, салақұлаш шағым жазып, қағазын қобыратып менімен "шайқасайын" деп отыр.
Мен қайта біраз жанашырлардың өтінішімен үндемей келдім, жеңіл ғана сынап жаздым.
Енді жазудың көкесін көрсетемін!!!
Бас спортшыда "АР-НАМЫС" бар екен де, жұмыс барысында нешетүрлі қудалау мен қысым көрген спортшыларда ондай құндылық жоқ па????
Он күндей іссапарда болып, бұл туралы айтатын да уақытым болмап еді.
Шамасы біреулердің "ақылымен" немесе айтағымен мені "үркітіп" тәртіпке салғысы келген болар.
Соғыстың көкесі алда, енді Сіздің қызметкерлеріңіз маған адам салып, "анаған тиіспе, мынаған тиіспе" демейтін болсын, бәрін дұрыстап бастаймын, Әсия ханым!!!" дейді айтыскер ақын.

Соңғы кезде БҚО спортынан қайрат кеткенін спорттан хабары бар әр жанкүйер айтады. Спорт мамандарын айтпағанда. Кезінде Оралдың арыстан жүрек, құрыш білек жігіттерінен елімізді қойып, әлем палуандары қорқатын. Жымпиты мен Тайпақ топырағы ел байрағын желбіреткен қаншама палуан сыйлады. Қоныс Жетпісов пен Ерболат Байбатыровтар белдескеннің белін үзіп, аяғы барды тізерлетті. Оралбек Қожагелдин,  Асхат Шайхиев, Данияр Елеусіновтердің аты қазақ спортының тарихында алтын әріппен жазулы.

Осы бағландар мен оғландардың жеңісті күндеріне куәгер Бауыржан Халиолла соңғы жылдардағы спорт басқармасының жұмыстарын сынап бірнеше мәрте пост жазған болатын. Осы жазбалары Әсия Аманбаева ханымның абыройы мен ар-намысына нұқсан келтіріп, шенеунік спортшы шенеунік ақынды сотқа беруде.

Соттың бірінші тыңдауы бүгін өтуі керек болатын. Түстен кейін сотқа шақыртылған ақын-шенеунік соттың болмағанын айтты. Себеп, Әсия Аманбаева қызметтік іс-сапарда екен.

"Адырна " ұлттық порталы 

Пікірлер