Құлдық сана немесе қала күні

402

Биыл Павлодарда Қала күні мерекесін тойлау шілденің 17-сінде басталып кетті! Күн сайын қаланың шағын аудандарында, ауылдық аймақтарында мәдени, спорттық шаралар мен сауда-саттық жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Мерекенің шарықтау шегі 20 шілдеге дөп келді. Ертіс жағалауындағы іс-шаралар бағдарламасында тиісті азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгілері, «Павлодар қаласының құрметті азаматы» атағы, алғыс хаттар табыс етілді, тойшыл қауымды Ресейдің Омбы, Новосибирск қалаларынан келген делегация өкілдері құттықтады, көрмелер, спорттық шаралар өткізілді, тіпті хот-дог жеуден де жарыс ұйымдастырылды! Сондай-ақ, Ертіс өзенінде кемелер керуені жүзіп өтті, қазақстандық, шетелдік эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, соңы лазерлік шоуға ұласты! Аста-төк тойға он мыңдаған адам жиналып тамашалады!


Павлодарда мұншалық сән-салтанатпен тіпті мемлекеттік мерекелер де тойланған жоқ! Қала күнін ұйымдастыруға жұмсалған қаржы мөлшері жүз миллиондаған теңгемен есептелетіні анық. Ал қазіргі әлеуметтік-экономикалық күрделі кезеңде әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар мен азаматтардың қаншасы жергілікті биліктің қаржылық-материалдық қолдауына мұқтаж?.. Қала тұрғындарының қаншасы баспанаға, дәрі-дәрмектерге қолдары жетпей жүр?..
Айтпақшы, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес жыл сайын облыс орталығында өткізілетін «Ұлы Дала» фестивалін биыл облыс әкімдігі қаржы үнемдеу мақсатында Баянауыл ауданында жергілікті тұлғалардың мерейтойларымен біріктіріп өткізуді жоспарлапты деген сыбыс естідік...
Сонымен, Павлодардағы Қала күні мерекесі биыл неліктен бұрынғы жылдарға қарағанда айрықша тойланды?.. Менің пайымдауымша, жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтар келесі жылы Павлодар қаласының негізін патша әскерлерінің бекініс ретінде қалағанына 300 жыл толуын дүркіретіп тойлау мақсатын қазірден бастап жүзеге асыра бастаған сияқты. Шамасы, сол топтардың беделді өкілдері біздің әкім-қараларға сөздерін өткізген-ау. Қала күні туралы ақпаратты облыс әкімдігіне қарасты pavlodarnews.kz порталы «Павлодар қаласының 299 жылдығын атап өтуге жағалауға 30 мыңға жуық адам жиналды» деп айқайлатып тұрып хабар таратты (http://pavlodarnews.kz/index.php?id=25950)! Бұл тойдың өзге тойлардан өзгешелеу екенін осыдан аңғарыңыз!
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, мерекенің көкесін келесі жылы көретін тәріздіміз! Ертістің Кереку өңірін патша әскерлерінің жаулап алып, Коряков Яр бекінісін салғанына 2020 жылы 300 жыл толады. Биылғы мереке сол шараның дайындығы іспеттес болып тұр.
Әуелде жергілікті патшашыл-кеңесшіл топтар қазіргі Павлодар қаласының орнында әскери бекіністің іргетасы қаланғанына 270 жыл толуын 1990 жылы атап өтуге дайындалды! Олар тіпті Омбы қаласынан казактардың әскери формаларын алдыртып, зеңбіректердің макетін жасап, орталық көшеде патша әскерлері парадының театрланған көрінісін қоюды ойластырған еді! Бірақ Қаматай Батталов бастаған бір топ соғыс және еңбек ардагері қалалық партия комитетіне барып, «Егер қазақ жерін патша әскерлерінің жаулағанын тойлайтын болсаңдар, біз наразылық митингісіне шығамыз!» деген талап қойды. Абырой болғанда, жергілікті билік бұл мәселенің дұрыс шешімін тауып, тек қала күнін өткізді.
Әлгі топтар сонда да бастапқы мақсатынан таймай, «Новое время» сияқты орыстілді тәуелсіз басылымдар арқылы оқтын-оқтын әкімдіктерге сөздерін өткізуге әрекеттенді! Сөйтіп, әрбір бес жыл сайын қаланың 275, 280, 285, 290, 295 жылдықтарын мерекелеу жөнінде талап-тілектерін жария етіп отырды! Әйтсе де, БҰҰ-ның империялардың басқыншылық жорықтарын дәріптеуге тыйым салған қаулысын құрметтейтін сол кездегі облыс, қала басшылары әлгілердің әрекеттерін елемей, мемлекетшіл ғалымдардың, шығармашыл зиялылардың, қоғам қайраткерлерінің орынды уәждеріне құлақ асты!
Өз басым Павлодардың 300 жылдығын мерекелеу ісі қолға алынатынын сонау 2016 жылы болжап, жергілікті билікті ойланып тиісті шешімдер қабылдауға шақырған едім (http://ult.kz/post/bukhgoltstyn-zholdarymen-ekspeditsiyasynyn-kozdegeni-ne-).
Ол кезде де облыс әкімі осы Болат Бақауов болатын, бірақ қалабасы Қайрат Нүкенов емес, басқа біреу еді. Сонда да есім-сойлары аталған екі басшыға өткен жылы Семейдің әкімі Ермак Сәлімовтың қаланың әскери бекініс ретінде салынғанына 300 жыл толуын мерекелеуден бас тартып, тек Қала күнін өткізген өнегелі ісін айтсам деймін.
Біздегі мәселені заңдық, морольдық, этикалық тұрғыдан қарастырғанда, Егемен елдің білдей бір облысы мен қаласын басқарып отырған мемлекеттік қызметшілер ғана емес, қатардағы қарапайым азаматтар да өз жерлерін өзге мемлекеттің жаулап алып, бекініс салған күнін мереке ретінде тойлауға тиісті емес қой... Әлде патшазаданың атына қойылған Павлодар атауы өзгертілмейінше бұл түйін түбегейлі шешілмей ме?..

Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер