АЛАШТЫҢ АХМЕТІ

1482
Adyrna.kz Telegram

Кешегі Абай мен Ыбырайдың жалғасы, Шоқан салған ағартушылық жолды, демократиялық бағытты ұстанған асқан аудармашы, көсемсөз шебері, көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсыноватың туылғанына биыл 152 жыл.

Торғай даласының тумасы, 5 қыркүйекте  Жангелді ауылы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген.  Барша алаштың бетке ұстарына айналған ұлт ұстазы бала кезінен зерек һәм білімге асқан ықыласпен ден қойған еді.

Арабша хат танығанымен орыс тілінде жетік меңгерген еді. Оның ілім мен білімге деген ынтасы қазақ қоғамына шам-шырақ болып жануына орасан зор ықпал етті.

Бала Ахметтің алғырлығы ол өткен ғасырда орыс-қазақ мектебін тәмәмдап, Орынбор қаласына мұғалімдер мектебіне оқуға түседі. 1895 жлы оқу орнын аяқтап, «бастауыш учлишищенің оқытушысы» деген атақпен аяқтайды. Сол кезден бастап, бірден ұстаздық қызметіне кіріскен. Ол Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде орыс-қазақ мектептерінде сабақ берген еді. Қызметтегі қырағылығы, сауаттылығы оны еңбектің шыңына жетеледі.  ӨЗ замамында учелищенің меңгерушісі қызметінде қоса атқарды.  Қазақтың қаймақтары, әдебиет әлемнің майталмандары Ахаңды ұстаз деп санады. Олар Мағжан мен Мұхтар, Міржақып пен Сәкендер еді.

Ахмет тек ұрпаққа білім беріп қана қомай, халықтың әлеуметтік жағдайына да алаңдады. Деректерге сүйенсек, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған қарқаралы петициясының авторларының бірі
Ахмет Байтұрсынұлы екені айтылады.  Бұл петицияда сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Осы кезден бастап, Ахметті билік жандарымдық бақылауға алады.  Оның саяси көзқарасы өткір еді. Осы бір қайсарлығы мен мәселенің түйіткілін ашық ортаға салғаны үшін бірнеше мәрте абақтыға қамалған еді.

Байтұрсынұлы 1915 жылға дейін елдегі жайытты баяндайтын мақала жазғаны үшін бірнеше рет айыппұл арқалап, үш рет темір торға тоғытылған болатын.

Ұлттық болмыс пен елінің әлеуметтік тіршілігі үшін күрес жолындағы еткен еңбегі мен төккен тері өз деңгейінде бағасын алды. Оған
Сәкен Сейфуллиннің мына сөзі дәлел:

«…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті».

Байтұрсынның ұлына көрсетілген қысым Кеңестік билік кезіндеде жалғасын тапты. Соған қарамастан қоғамдық-саяси қыметін мінсіз атқарды. Содан болса керек, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтармен бірлесе отырып, алғаш рет «Қазақ» газетін жарыққа шығарды.  Бүгінде «қазақ» газеті шыққан  2 ақпан  елімізде «Баспасөз күні» деп аталады. Осылайша, ұлттық руханияттың қазығы қағылған еді.  Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен шығарылған газеттің 266 саны жарық көрген екен. Бүгінде Ахаң салған ізбен сан мыңдаған «қазақ» газетінің жалғасы оқырманға жол тауып барып жатыр.

Ахмет Байтұрсынұлы саясатқа бел шешіп кіріскенімен, өзінің ұстаздық қызметінен алыс кеткен жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы ұстаздық қызмет жолы басталған шақта ол қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазып шыққан. Сөйтіп, оқу-ағарту идеясына сол кездегі интелегенция жаппай мойын бұрды.

1911-1912 жылдары Уфа мен Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен
7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды. Сол кезде оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтары жазылды.

Ахметтің тағы бір зор еңбегі – терминдерді жасау. Бұдан бөлек, ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы – ғалымның жазып кеткен мұрасы.

Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды.

Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы – көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И.Хемницердің «Ат пен есек», А.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я.Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.

Тіршілік бастау алған дәуірден қазіргі кезеңге дейін қаншама адам дүние керуенінен көшті. Алайда, жеке азаматтың есіне алар, ұлт жадында қалған тұлға аз. Ұлтымыздың тарихында өзіндік орыны бар тұлғаның бірі һәм бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлт үшін жасаған еңбегі ұмытылмақ емес.

Ахмет Байтұрсынұлы – еңбегі жанған жан. Ол, ұлтым деп еміреніп, қазақ деп қызмет еткен біртуар тұлға.

 

Пікірлер