Ахмет Байтұрсынұлы: Дүмшелер халық өнерін күнә деп тыйғысы келген

3769
Adyrna.kz Telegram

Бабалардың рухы

Қастерлі қазақ үшін киелі жер,
Мәңгілік басын иіп, сүйе білер.
Көнерген замандардың сырын қозғап,
Әспеттеп, жыр төгілер, күй еңірер.

Тәу етсе, ел мерейі өсе берер,
Ұлттың мәртебесі еселенер.
Елдікке, ерлікке де жол нұсқап тұр,
Күмбездер, мазарлар мен кесенелер.

Кей діндар у шашып жүр жан-жағына,
«Атаның сыйынба – деп – аруағына!».
Иесі Ұлы Отанның біз емес пе,
Жалғасқан бабалардың арманына?!

Үзілмес үлгі менен өнеге де,
Жеткізер небір білік мәреге де.
Алысқан аруақтармен діндарларды
Қоспаймыз тіріге де, өліге де!

Дәстүрдің сыры да аңыз, нұры да аңыз,
Сыйлаймыз салтымызды, ұғынамыз.
Данышпан даналардың аруағына,
Бүгінгі ұрпақтардың бәрі қарыз!

 

Дүмшелер домбыра тарту, ән салу, өлең айту сияқты халықтың үйреншікті зауықтарына дейін күнә деп тыйғысы келген. Бірақ ұзын арқан, кең тұсауға қалыптанған қазақ шариғаттың тар тұсауына үйрене алмаған.

Ахмет Байтұрсынұлы

 

Қобыз бен домбыра

Бір діндар уағыз айтты енді жаңа –
Бұл қазақ батқан екен мол күнәға.
Жинайтын жын-періні қобыз екен,
Сайтанның сырласы екен домбыра да!

Мұнау кім осынша тым асқақтар –
Қазақтың қасіретінен бұрау тастар?!
Қобыз бен домбырамыз мәңгі бізбен,
Ілулі төрімізде бұл аспаптар.

Бұл сөзден жұрттың қатты шошығаны- ай,
«Отыр - деп - уағыз айтып осы қалай?».
Сақалын сауа түсіп, сөйлер діндар,
Құраннан осы сөзді оқығандай.

Бір жігіт атып тұрды орынынан,
«Алдымен атсын – деді – сені Құран!
Сен, діндар, садаға кет домбырадан,
Қазақтың садаға кет қобызынан!

Жүрсек те жамандықпен майдандасып,
Қоямыз біреулерді тайраңдатып.
Қобыз бен домбыраға тіл тигізген,
Бұл уақыт, айтыңдаршы, қандай уақыт?!».

 

Не сұмдық?!

 

Қазақ қызға қырық үйден тыйым сап,
Инабатқа, ғибратқа үйренген.
Туған кезде ел басына қиын шақ
Қайсар қыздар еркектерше киінген.

Қыздың жолы тым жіңішке деп біліп,
Арулардың адаспауын ойлапты.
Қыздарына «Алтыбақан» тептіріп,
«Ақсүйек» пен «Қыз қууды» ойнатты.

Ай маңдайын ашық етіп, өбектеп,
Қазақ қызға орын берген төрінен.
Елдің көркі қыз деп біліп, ерекше,
«Қыз – қонақ» деп артық көрген бәрінен.

«Әйел – қырық шырақты» деп, о бастан,
Ардақ тұтқан аналардың есімін.
Әйел заты еш шықпаған санаттан,
Құрметтеген алдындағы бесігін.

Бүгін, міне, қара киім жамылып,
Дінпазданған әйелдерге өкіндік.
Қайғы жоқта қара киіп, қамығып,
Бетін бүркеп жүру деген не сұмдық?!

 

Біз өз жұртымыздың тіл салтына, заңына түссек, елге жылдам жақындасамыз, елге жанасқан сайын ел ағартқан іс гүлдейді.

Міржақып Дулатұлы

 

Отқа май құю туралы

От пен ошақ – адамды адам еткен –
Оттың нұры, жылуы саналы еткен –
Тым ертеде түркінің ошағына
Ұмай ана Күн нұрын ала жеткен.

От – шаңырақ, отаудың тыныс, жаны,
От – ұрпақтың жалғасар ырыс, бағы.
Түзу ұшса түтіні ошақтардың,
Сол болады өмірдің гүлстаны!

Береке мен молшылық – «май» деген зат.
Маймен қатар тұрады өрлеген бақ.
Отқа майды құйғызса жас келінге,
Бағы ашылып, ісі де оңғарылмақ.

«Май» деген зат – маңызды астың нәрі,
От пен асты сыйласын жастың бәрі.
Оңбайды отты аттаған, асты аттаған,
Мұндайларға тез тиер хақтың кәрі.

Дінге жат деп ең жақсы ұлы ырымды,
Бұл кеселге кейбіреу тез ұрынды.
Салт-дәстүрді ұстанған адамдардың
Ұлы жынды болмайды, қызы мұңды.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер