Назарбаевамен байланысты Алматыдағы бөгет ісі. Қылмыстық кодекстің бабы аталды

1001
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Қазселденқорғау
Сурет: Қазселденқорғау

Бас прокурордың міндетін атқарушы Тимур Тәшімбаев Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаевамен байланысты Алматы тауларындағы сел бөгетіне қатысты істің қандай баппен тергеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

   «Ақсай бөгеті бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС мердігерлік ұйымының 13 қыркүйек 2023 жылғы міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» ММ-сі «Ақсай өзені бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу» жобасын іске асыруға арналған шартты біржақты тəртіппен бұзды. 2024 жылдың 6 сәуірінен бастап Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті ЖШС басшылығына қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде», - деді  Тәшімбаев мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.

    Еске салсақ, 12 сәуірде Төтенше жағдайлар министрлігі Ақсай бассейніндегі бөгетке қатысты жағдайда Алматының 30 мыңға жуық тұрғынының өміріне қауіп төніп тұрғанын және қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Сәуірдің 13-і күні ҚазТАГ агенттігі Ақбота Назарбаевамен байланысты Ақсай өзенінде сел ұстағыш бөгет салуы тиіс «Толағай-2050» ЖШС-нің 170-тен астам мемлекеттік келісімшарты бар екенін, олардың көпшілігінің құны миллиардтаған теңгені құрайтынын жазды.

Пікірлер