"Тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар". Шығыстанушы, ақын Өтеген Күмісбаевтың туғанына - 85 жыл

5430
Adyrna.kz Telegram

Ақын, филология ғылымдарының докторы Өтеген Күмісбаевтың туғанына 85 жыл толды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Өтеген Күмісбаев (1939 – 2016) 20 мамырда Қызылорда облысы Жалағаш ауданында туған.

Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, аудандық газетте әдеби қызметкер болып істеген. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеді.

1969-74 жж. Мәскеудегі КСРО ҒА-ның Шығыстану институтында оқып, осы институттың аспирантурасына түскен. 1974 жылы «Тұрмағамбет Ізтілеуов және оның «Рүстем-Дастаны» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

Көп жыл бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұстаз болды. Филология ғылымдарының докторы. Оннан астам өлең, әңгіме, повесть, ғылыми кітаптардың авторы. Өлеңдері орыс тіліне аударылып, «Солидарность», «Литература и ты», «Мы – молодые» секілді Мәскеуде шыққан жинақтарда басылған, шет елдер тіліне аударылған. Парсы-үнді классигі Әмір Хұсрау Дехлевидің «Жұмақтың сегіз бағы» дастанын түпнұсқасынан, сондай-ақ М.Рыльскийдің «Раушан мен жүзім» өлең-поэмалар кітабын (1987) тәржімалады. Р.Ғамзатов, Вс.Рождественский, Явухулан жырларын қазақшалаған. Поляк революционері Янушкевич жөнінде роман жазған.

Шығыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің өзара байланысын зерттеуге арналған «Терең тамырлар», «Абай және Шығыс» (1995), «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі» (1997) монографиялары бар.

Сондай-ақ, жұрт әуендетіп әлі күнге дейін айтып жүрген “Тамшылар” әнінің сөзін жазған.

 

Пікірлер