Сәләфиттер еліміздегі мешіттерді шіркеуге айналдыруда

5509
Adyrna.kz Telegram

Pew Research Center ұйымының әлемдегі діни наным-сенім индексінде Қазақстан «адамдардың діни сеніміне шектеу қоятын елдердің» қатарына енген, деп хабарлайды Азаттық радиосы. Шын мәнісінде елімізде діни-наным сенімдеріне шектеу қойылған ба? Егер  діни сенімге шектеу қойылса, салафиттер мешітте «Әминді» хормен  айтып тайраңдамаса керек еді.

Халықаралық ұйым бұл тізімде Қазақстанмен бірге Қытай, Иран,  Малайзия, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия сынды мемлекеттерді қосып отыр.  Орталықтың дерегінше, 2007-2017 жылдары әлемде діни наным-сенім бостандығын шектейтін заң қабылдаған елдер көбейген. Бұдан бөлек, Pew Research Center өз есебінде «белгілі бір діни ұйымдарды ашық қолдап, басқаларына қысым жасайтын елдердің де саны артқанын» жазған. Pew Research Center жариялаған «дін салдарынан туындаған әлеуметтік қақтығыстар индексінде» Қазақстан, Қытай, Түркіменстан, Әзербайжан «бейбіт елдердің» қатарында тұр. Ал қақтығыс көп елдердің қатарында Сирия, Ирак, Үндістан, Египет, Пәкістан, Израиль  бар.

Белгілі дінтанушы Досай Кенжетайұлы Pew Research Center тәуелсіз ақпараттық орталығының ұстанымымен келіспейді. Өйткені ол «Егер еліміз діни сенім бостандығын шектейтін болса, салафиттер емін-еркін тайраңдамас еді» деген пікірде. Мысалы, Жамбыл облысының «Һибатулла Тарази» атты орталық мешітінде «Әминді» хормен айту қалыпты жағдайға айналған.

- «Әмин» деп хормен айту тек қана Таразда емес, еліміздің өзге де өңірлерінде бар. Дін деген негізінен ұстаз арқылы, яғни ұстаздың орталығы арқылы таралады. Ал ұстаздың ұстазы имам мешіттерде болады. Шыны керек, біздің көптеген имамдарымыз Арабияда білім алып келгеннен кейін салафилердің ұстанымына көз жұма қарады. Сол себепті мешіттерде «Әминді» дауыстап айту ондаған жыл бойы қалыптасты. Жасыратын несі бар, қанша жылдан бері Тараз қаласы салафилердің орталығы болды. Діннің ең бірінші насихатталған аймағы Тараз қаласы. Ал мешіттердегі осындай күрделі мәселелерді құзырлы органдардан бұрын имамдардың өзі шешуі керек. Менің ойымша, Жамбыл облысының имамы Қанат Жұмағұлдың білімі мен өресі және жүрегі бұл мәселені реттеуге жетеді. Алайда оған еркіндік берілуі керек. ҚМДБ Қанатқа сеніп қызмет тапсырғаннан кейін оған толық еркіндік беруі тиіс, – дейді ол.

Соңғы жылдары салафиттердің күшейгені сонша, оларды жөнге салуға мешіт имамдарының шамасы келмеуі мүмкін. Сондықтан да бұл іске мешіт имамдарынан бұрын құзырлы орган өкілдері араласуы керек тәрізді.

– Егер мешіттердегі осындай мәселелермен құзырлы органдар  айналысатын болса, еліміздің зайырлылық приципі бұзылады. Яғни, мемлекет дінге, дін мемлекеттің ішкі шаруасына айналыспауы қажет. Шындап келгенде азаматтардың мешітте «Әумин» деп хормен айту-айтпауы  мемлекетті қызықтырмауы керек. Бірақ, мемлекет әу баста имамдарды
бақылаймыз деп осындай «әттеген-айларға» жол беріп алды. Нақтырақ айтсам, мешіттегі имамдарды ысырып тастап, салафилік көзқарастағы азаматтарды соның орнына қойды. Билік салыстырмалы ақиқатты халық өзі  ажыратып алсын деп ойлады. Осының кесіренен салафиттік иделогия күшейіп, осындай жағдайға жеттік. Өкінішке орай,  жастар мәселенің  байыбына бармай ағаларынан көргенін үйреніп алды. Осының бәрін түзету үшін «Ақида дегеніміз не?», «Имам Ағзам Әбу Ханифаның жолы қандай?», «Біз қандай мұсылман болғанбыз?» және «Біздің діни танымдық
ерекшелігіміз қандай?» деген 4 сұраққа жауап беруіміз керек. Осы бағытта жұмыс жасайтын болсақ, «Әмин» деп хормен айтатын адамдардың саны азаятын болады. Негізі, Имам Ағзам Әбу Ханифаның мәсһабында «Әминді» хормен емес, іштей айтады, – дейді дінтанушы.

Кейбір азаматтар «Салафиттердің «Әминді» хормен айтуының қаншалықты маңызы бар?» деп ойлауы мүмкін. Әйтсе де, олар «Әминді» дауыстап айту арқылы еліміздегі мешіттерді шіркеуге айналдырып отырғанын естен шығармаған жөн. Бұл бір.  Екіншіден,  салафиттер еліміздің бірнеше аймағында терракті ұйымдастырып, ондаған адамның ажалына себепші болды. Бір қызығы біздің үкімет Мұхтар Аблязовтың Қазақстанның  демократиялық таңдау қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, салафиттік иделогияға тиым салмай отыр. Бұл мәселеге еліміздің жаңа сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мән береді деген сенімдеміз.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер