«Бишімбаев сотындағы»  мемтілдің мәртебесі

921
Adyrna.kz Telegram

Онлайн форматта өткен «Бишімбаев соты» әлемге таратылды.  Жалпы, «Бишімбаев ісінің тікелей эфирден көрсетілуі халықтың құқықтық сауатын арттырады.

Біреудің қылмысын, біреудің қайғысын не соттың үдерісін «жамылып» саяси пайда табу, ұпай жинау, саясаттың құлағын қылтиту – мақсатымызда емес. Керісінше, «өз алдына егемен ел бола тұра, атазаңында мемлекеттік мәртебе берілген құзырлы тілі бола тұра, бүкіл әлемге Жоғары соттың үдерісін қалайша өзге тілде жүргізіп, әшкере болдық?» деген сұраққа жауап іздеу ғана.

Азаматтар енді сот отырысы қалай өтетінін, қорғаушылардың міндетін, сот пен прокурордың қалай жұмыс істейтінін үйренеді» деген пайымға келсек, бұған жауапты эфирді қараған контингенттің статистикасының сықпытын «Гиперборей» ютубарнасының қисабына қарап алуға болады.

Арна есебі бойынша: сот үдерісін қараған қазақстандықтар саны 20 пайыздан аспаған, қалғаны шетелдік көрермендер. Ал сотты қараған басты қалалардың ондығында Алматы мен Астана ғана бар, бірінші орында Мәскеу, қалғандары тағы да шетелдік орыстілді қалалар. Енді осы көрерменнің қаншасы қазақтілді азаматтар екен? Ол не ұқты екен?

Сонда бұл шараның тиімділігі мен сабағы кім үшін?!

Құрметті ағайын, ойлап көріңдерші. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Қылмыскер - қазақ, өлген адам – қазақ. Мемлекеттік айыптаушы прокурорлар - қазақтар. Айыпталғандардың екеуі де - қазақ. Оларды қорғаушылар да - қазақтар, қазақстандықтар. Жапа шегушілер де - қазақтар, олардың мүддесін қорғаушы адвокаттар да  - қазақтар.

Және де Қазақстанның Жоғары соты атынан төрелік етуші төреші де қазақ.

Бір қызығы, аталғандардың 90 пайызы қазақша біледі, сөйлейді және түсінеді.

Сот ісі неліктен мемтілде жүрмеді дегенге жауап бар екен: Қазақстанда сот  процесінің тілін айыпталушы таңдайды. Бишімбаев орыс тілін таңдапты. Жарайды. Ол неге ол тілді таңдады деп оны айыптай алмаймыз. Ол қазақ ортасында туған, қазақтілді азамат, ол өз мүддесін қорғауға қай тілді таңдаса да еркі. Бірақ мемлекеттік тіл соған бола сот процесін жүргізуге қатыстырылмайды дегенді қайдан шығардық? деген сауалға жауап іздегенімізде, ресми БАҚтар астанадағы соттың қылмыстық істі 26%, азаматтық істердің 11% ғана мемтілде қаралып, жүргізілетінін жария етті. «Масқара!» дейсіз бе, бүлк етпейсіз бе – өз еркіңіз.

Сонымен елордадағы сот  мемлекеттік тілде әрбір істің үштен біріне жетер жетпесін ғана, ал азаматтық істің 90 пайызын өзге  елдің мемтілінде  жүргізеді екен. Сонда астанадағы 81 пайыз қазақтың өз тілін білетіні 30 пайыз ғана ма? Жоқ, әрине.

Енді мәселенің байыбына үңіле түсу үшін мамандар мен сарапшыларға сөз берсек:

Әмір Досжан, ҚР Жоғары сотының төрешісі: «ҚПК-тің 30-бабы бойынша Қазақстан Республикасында қылмыстық істер мемлекеттік тілде жүргізіледі. 737-бап айтады: Қазақстан Республикасында Әкімшілік-құқықбұзушылық қазақ тілінде жүргізіледі дейді... Содан кейін барады да «Қажет болғанда...мүмкіндігіше» деп әрі қарай кете береді – дейді. Бұл әрине, заңның басты талабын жуып-шаю, «лазейка» жасап қою. Төрешінің пайымынша, мемлекеттік тілдің шет тілге ауысу жағдайларын реттейтін уәждік қаулы шығару керек.

Кәсіпқой сарапшылардың айтуынша, көптеген төрешілер (бұл сөзді де орысша «судья» етіп қалдырыппыз) үкімді апелляцияға беруге қазақ тілі үлкен себеп пен желеу болады дегенді келтірді. Төрешілер,демек қазақ іс жүргізуге қорқады екен.

Жалпы алғанда,қазақ тілінде сот жүргізу біршама бөгетке ұшырайтыны онсыз да байқалады: тілмаштың дұрыс аудармауы, аудармашының сауатының төмен болуы, төрешінің өзінің тіл білмеуі, дұрыс білмеуі, адвокаттардың тілді нашар білуі, терминологияның дамымауы, сөздіктердің нашарлығы, тағысын тағылар. Бірақ бұлар мемтілде сотты жүргізуге басты кедергілер болуы мүмкін емес. Болса, соны түзетпей не істеп отырмыз? Сот отырысы түгілі заңды қазақша жазамыз деп жар салғанымызға қанша жыл болды, ағайын?

Бишімбаев сотында аударма саласының ақсап тұрғаны әлемге әшкере болды. Тілмаштың деңгейі ойдағыдай болмады. Айыпталушы Б.Байжанов қазақша жауап беруді бастап, ақыры тілмашқа сенбей орыс тіліне көшуге мәжбүр етілді, оның құқығы аяқасты болды.   Сонда, 30 жыл бойы біз кімді оқыттық, кімді даярладық? Мемлекеттің кадр  саясаты қайда?

Жоғары сот жүйесінің, прокуратураның кадрлары неге осал?  Неге кемінде екі тілде бірдей сайрап тұрмайды? Неге мемлекеттік құзырды атқаруға мемлекеттік тіл басқа тілмен бірге бәсекеге түседі? Неге таңдауға түседі?

Ол мемлекеттің қызметін атқаруға арналған бірден бір тіл емес пе? Бұл жағынан алғанда талай әңгіме мен абсурд жеткілікті. Бұған қатысты мемлекетте тегеурінді  саясат та жоқ болып отыр.

Белгілі адвокат, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Абзал Құспан: «2019 жылы республикалық Антикор жүргізген қылмыстық іс Ислам Әбішевті «пара алуға оқталды» деген айыппен сотқа береді. Тергеу тобының жетекшісі Бахитов деген азамат, бір ауыз қазақша білмейді, мен келсем, істі орысша бастап қойған...Әбішев: «орысша білесің деді, білем деп едім, мынаған қол қойыңыз деді – қол қойып жіберіп едім, енді қазақша жүргізбеймін» дейді...

Байқағаныңыздай, істі мемлекет қызметкері жеке басының пайдасына тартып алған. Егер де айыпталушы талап етсе, қазақша білмейтін тергеуші қызметке лайық еместігі қалқып шығар еді...  Қысқасы, бүгін қазақстандық сот жүйесінде мемлекеттік тілге қатысты түрлі  саботажға ұқсас әрекет жүріп жатқандай әсер бар. Ал бұны кім қадағалайды? Кім жөнге салады?

Жақсы, айыпталушылар, сотталушылар өңкей орыстілді болар, оған да сенейік, көнейік. Сарапшыларға жуырда мынадай сауал қойылды:

Мысалы, Бишімбаев сотында сот отырысын ашып-жапқанда, үкімді оқығанда, тіпті сотты жүргізгенде мемлекеттік тілде сөйлеуге не кедергі болды?

Жауапты үш түрлі алдық. Оған бір заңгер - Конституцияның 7-бабының 2-тармағы (7.2.Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.) кедергі дейді. Ал, төреші Әмір Досжан  «заң бар, енді  уәждік қаулы қабылдау керек» дейді. Үшінші тарап: заңды әлде де жетілдіру қажет дейді. Демек, бұл жерде әлі күнге тиянақты зерттеп, түзетудің кілті қарастырылмаған, пікір мен пайым күйінде жүрміз.

Сонымен отырыста айыпталушы мемлекеттік тілді де, тіпті орыс тілін де таңдамаса сот қай тілде жүреді деген сұраққа тиянақты жауап жоқ.Өйткені заңда айыпталушы екі тілдің бірін ғана таңдайды деген емес қой. Жарайды, айыпталушы өзіне орыс тілін таңдасын, ал сол үшін бүкіл процесті сот төреші неге мемлекеттік тұлға ретінде мемтілде жүргізе алмайды? Ал айыпталушы өзіне тіпті мемлекет тарапынан тегін тілмаш неге ала алмайды?  Сонымен айыпталушының құқығы неге қанағаттандырылмайды?

Сонымен Бишімбаев сотына қатысты әшкере болған мемлдекеттік тілдің ахуалы осылай. Сұрақ көп, жауап жоқ.

Осының кесірінен Қазақты қорғауға оның өз тілі,мемлекеттің тілі пайдаға аспай отыр деген көзқарас қалыптасуда. Кешегі соттан кейін қазақтар өзін қорғау үшін басқа тілді таңдауға мәжбүр болады деген сөз.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті тек 2040 жылы бере алады.

«Аса ауыр қылмысы үшін сотталған Бишімбаев өтінішхатты жазаның 2/3 бөлігі өтелгеннен кейін, бұл 2039-2040 жылдары бере алады», - деді үйлестіруші-судья Алма Есімова.

Пікірлер