Жетісу облысының Сарқан ауданында білім бөліміне қарасты бухгалтерлер 1,6 миллиард теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Astana TV-ға сілтеп.
Антикордың мәліметінше, Талдықорған қалалық соты Сарқан ауданының білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің бас бухгалтері мен есепшілері, Қазпошта АҚ аудандық бөлімінің бастығы, Айдана ясли-бақшасының уақытша меңгерушісі және Жетісу облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық бақылау бөлімінің басшысына үкім шығарды.
Тергеу нәтижесінде тұлғалар қызметкерлердің жалақысына артық ақша аудару арқылы мемлекет қаржысын жымқырғаны анықталды. Сонымен қатар, олар аудиторлық тексеріс жүргізбеу мақсатында шенеунікке пара бермек болған.
Сот шешімімен бас есепші 8 жылға, әріптестері 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.