Home » Басты тақырып » Ресей бізге бәсекелес пе немесе Еуразиялық одаққа тықыр таянды

Ресей бізге бәсекелес пе немесе Еуразиялық одаққа тықыр таянды

Ресей ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау федералдық қызметі (Россельхознадзор) Қазақстанның бес кәсіпорнының өніміне уақытша шектеу қойды.  Ал 2018 жылы қазақ үкіметі Ресейдің кейбір өнімдерін елге кіргізуге тиым салған болатын. Осы ретте Қазақстан мен Ресей экономикалық одақтас па, жоқ әлде бәсекелес пе деген заңды сұрақ туындайды?

Россельхознадзор 15 шілдеден бастап Қазақстанның бірнеше кәсіпорнының өнімдерін Ресей территориясына кіргізуге уақытша шектеу қойып отыр. Нақтырақ айтсақ, олардың қатарында «Өскемен құс фабрикасы» (өнім құрамында бір рет тетрациклин тобына жататын антибиотик, сальмонелл анықталған); «ADM Investment» (бір рет патогенді микроорганизм, оның ішінде сальмонелл анықталған); «Ордабасы-құс» (бір рет патогенді микроорганизм, оның ішінде сальмонелл, энрофлоксацин анықталған); «Парижская коммуна ХХ1» (бір рет Listeria monocytogenes анықталған); «Kazakh Osseter» (бір рет күшән (мышьяк) бар.

Россельхознадзор бұл әрекетін «2018 жылдың маусым айында Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау комитеті бірқатар ресейлік кәсіпорындардың өнімдеріне шектеу қойғанымен» түсіндіреді. «Бұл Еуразиялық экономикалық комиссия бекіткен шешімде көрсетілген ветеринарлық бақылауға жататын өнімді я объектіні тексеру ережесіне қайшы. Қазақстандық әріптестер Россельхознадзордың ресейлік кәсіпорын өнімдеріне қатысты шектеудің алынып тастау мәселесіне қатысты әлі күнге жауап берген жоқ», – деп мәлімдеді Россельхознадзор.

Қазақстан ресейлік құс өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға енгізген шектеуді әлі алған жоқ. Міне осыған жауап берінде Ресей еліміздің бес бірдей кәсіпорнының тауарларына шектеу қойып отыр. Белгілі экономист Жангелді Шымшықовтың айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің экономикалық одақтас болуы мүмкін емес.

– Біз Ресеймен саяси жағынан одақтаспыз. Бірақ экономикасы бірдей елдердің арасында экономикалық интеграция болмайды. Өйткені Ресейде бар ет, мұнай, бидай, темір сияқты заттар бізде де бар. Сол себепті Қазақстан мен Ресейдің арасында экономикалық интеграция болуы мүмкін емес. Саяси жағынан одақтас болғанымызбен экономикалық тұрғыдан бәсекелеспіз. Есектің мойнын қанша созғаныңмен жылқы болмайтыны секілді қазақ пен орыстың экономикалық мүддесі бір болмайды. Сондықтан да біздің үкімет бұған дейін Ресейдің кейбір өнімдеріне тиым салды. Мұны кейбір азаматтар «Біздің үкімет Ресейдің ырқына көнбей отыр» деп болжауы мүмкін. Өкінішке қарай қазақ үкіметі Кеден одағынан бастап, күні бүгінге дейін өзінің мүддесін батыл қорғай алмай келеді. Мәселен, біздің арақ-шарап өнімдеріміз Ресейге өте алмай отыр. Ал біздің дүкендерде Ресейдің арақ-шараптары толып тұр. Шыны керек, Еуразия экономикалық одағынан ешқандай пайда тапқан жоқпыз, – дейді экономист.

Бұған дейін біздің үкімет Ресейдің бірнеше өніміне шектеу қойған болатын. Алайда бұл шектеудің Ресейдің қадамынан кейін жасалғанын ұмытпаған жөн.

Жангелді Шымшықов айтуынша, Қазақстан Ресеймен емес, Белоруссия мен Жапония сияқты мемлекеттермен экономикалыөқ интеграция жасауы керек. Өйткені Белоруссияның техникасы мен Жаплонияның технологиясы мықты дамыған.

– Негізі бізге Ресеймен емес, Белоруссиямен жақсы интеграция жасауға болады. Мысалы аталған елде троктор сияқты ауыл шаруашылығына қатысты әртүрлі техникалар шығарылады. Біз аталған елмен бәсекелеспей, керісінше бір-бірімізді толықтырып отырар едік. Сондай-ақ, ең нағыз экономикалық интеграция Жапониямен жүзеге асады. Өйткені оларда біздегідей кен орны мен ауыл шаруашылық саласы дамымаған. Сондықтан да біз жапондардың жаңа инновациялық технологияларын пайдалансақ, нұр үстіне нұр болар еді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біз Ресейден қарағанда Белоруия мен Жапония секілді елмен экономикалық байланыс орнатуымыз керек , – дейді Жангелді Шымшықов.

Еуразия экономикалық одағы мүше мемлекеттердің бір-бірінің өнімдеріне тиым салуы күлкілі жағдай. Алайда одақ құрылғаны соңғы 5 жылда мұндай жағдайлар жиілеп  барады. Соған қарағанда экономикалық одақтың болашағы бұлыңғыр деп нық сеніммен айтуға болады.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Өтірікші кім – билік пе, халық па?

Арыс апатының себебі – түсінікті: Бас қолбасшыдан бастап, әскери бөлімдегі сарбаздардың қызмет барысындағы салғырттығы, жауапсыздығы ...