Үкіметтің депутат сауалына жауабы жарияланды

996
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Орталық ғылыми кітапханасына қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КазТАГ агенттігіне сілтеп.

«Орталық ғылыми кітапхана 2012 жылдан ғылым және жоғарғы білім министрлігінің «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының («Ғылым ордасы») құрылымдық бөлімшесі болып табылады. «Ғылым ордасы» құрамында кітапханадан басқа 4 музей (Табиғат, Археология, Сирек кездесетін кітаптар және Қазақстан ғылымының тарихы музейлері), ғылыми архив, ғылыми кадрларды даярлау орталығы бар көп функционалды мекеме», - деп жауап берді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, кітапхананың материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында реставрация және консервация орталығы құрылды. Ол 65 бірліктен тұратын, жалпы сомасы Т625 млн құрайтын заманауи реставрациялау қондырғыларымен және әртүрлі форматтағы жылдамдығы жоғары өндірістік робот сканерлермен жабдықталды.

Осының нәтижесінде 18 мыңға жуық сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар цифрлық форматқа көшіріліп, оқырмандар мен ғалымдардың ғылыми ізденістеріне ыңғайлы болу үшін кітапхананың веб-сайтында орналастырылғанын хабарлады.

Сонымен қатар вице-министр мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінгі күні «Ғылым ордасы» ғимараттарының кешенінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, оқу залдарында ауа баптағыштар орнатылғанын атап өтті.

«Жалпы кітапхана қорын толықтыруға жыл сайын мемлекет тарапынан қаржы бөлініп отырады, соңғы үш жылда кітапханаға Т70 млн бөлінді (2022 жылы – Т30 млн, 2023 жылы – Т17 млн, 2024 жылы - Т23 млн). Кітапхананың кітап қоры 2019 жылы – 30000, 2020 жылы – 30008, 2021 жылы – 18500, 2022 жылы – 8678, 2023 жылы – 5044 бірлікке толыққан», - деп мәлімдеді Дүйсенова.

Сондай-ақ үкімет басшысының орынбасары мерзімді ғылыми басылымдарға жазылу мемлекеттік сатып алу порталы арқылы іске асырылатынын және келіп түскен газет, журналдар мен монографиялар рет-ретімен сандары бойынша тіркеуге алынып, бағытына қарай қорларда сақталынып, оқырмандардың сұрауы бойынша беріліп отыратынын айтты.

«Қазіргі уақытта кітапхана жас ғалымдар мен мамандарды ғылымға тарту мақсатында ғылыммен айналысуға арналған мультимедиялық алаңға айналуда. Кітапханада ғалымдар тұрақты негізде пәнаралық ғылыми зерттеулер жүргізіп, әр тоқсан сайын семинарлар, форумдар, коворкингтер, симпозиумдар, конференциялар және тағы басқа іс-шаралар өткізіліп отырады», - деді премьер-министрдің орынбасары.

Дүйсенованың сөзінше, кітапхана ғылым, өндіріс, білім беру және мемлекеттік басқару салаларындағы ғылыми мекемелермен тығыз байланыста бола отырып, әлемдік жетістіктерді насихаттайтын, жарияланбаған құжаттар қорын қалыптастырады. Қолжазбаларды ғылыми сипаттау және ақпараттық-кітапханалық процестерді автоматтандыру саласында зерттеу және әдістемелік жұмыстарды жүргізеді.
Осыған байланысты, кітапхана ғылыми қызметті дамытудың негізгі факторларының бірі екенін ескеріп, оны ғылым ордасының құрамында қалдыру маңызды деп ойлайды.

"Кітапхананың қызметкерлерінің жалақысы үкіметтің қаулысымен айқындалады және мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың барлық қызметкерлері үшін бірыңғай болып табылады. 2022-2023 жылдары кітапханашылардың жалақысы 20% көтеріліп, бүгінге олардың орташа жалақысы Т170 мың құрайды", - деп мәлімдеді вице-премьер.

Айта кетсек, мәжіліс депутаттары «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының жағдайына қатысты мәселелерді шешу үшін төмендегі ұсыныстарын айтқан:

1. Орталық ғылыми кітапханаға жеке «кітапхана» статусын беру керек. Яғни, «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мекемесінің бір бөлімі емес, дербес кітапханаға айналуы тиіс;
2. Бір ғасырға жуық уақыттан бері жиналып келе жатқан құнды кітаптар мен мерзімді басылымдарды күтімге алып, сақтау үшін арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілу керек;
3. Кітапханаға оқырмандар сұранысын қанағаттандыру үшін жаңа үлгідегі компьютерлер, көшірме жасайтын аппараттар алу керек, оқу залдары кондиционерлермен жабдықталу қажет;
4. Өткен жылдарда Орталық ғылыми кітапхананың кітапқа және мерзімді басылымдарға жазылуы үшін бөлінген қаржының қайда кеткенін, қалай жұмсалғанын құзырлы органдар тексеруі керек. Сондай-ақ, Орталық ғылыми кітапхана қорының жаңа ғылыми басылымдармен толығуын қамтамасыз ету қажет;
5. Орталық ғылыми кітапхана қызметкерлерінің жалақысы өсуі тиіс. Олар да басқа кітапханалардың қызметкерлерімен деңгейлес жалақы алуы керек.

Пікірлер