94 жыл бұрын. Алаш қозғалысының 20-дан астам мүшесі жазаланған

1530
Adyrna.kz Telegram

Осыдан 94 жыл бұрын, 1930 жылы 20 сәуір  БМСБ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма-ОГПУ) «үштігінің» шешімімен Алаш қозғалысының Мұхамеджан Тынышбаев бастаған 20-дан астам мүшесі жазаланған болатын.

Осы топпен бірге істі болған Мұхтар Әуезов, Уәлихан Омаров, Біләл Сүлеев, Әлімхан Ермеков алдын ала тергеу кезінде түрмеде отырған уақыты есепке алынып, босатылды.

Олар аударылып барған жерлерінде саяси сенімсіз адамдар ретінде ОГПУ органдарының бақылауында болды.

Айта кетейік, бұған дейін жазушы Мұхтар Әуезовтің неге қуғындалғаны туралы жазған едік.

Осындай ұлт зиялыларының басына күн туған шақта Мұхтар Алаш зиялылары ұстанған идеядан ауытқыған жоқ. Керісінше ұлт зиялыларының көтерген әлеуметтік мәселелерін одан әрі жалғастырып, мақалалары арқылы үкіметке жеткізуге тырысып, олардың біліктілігін, білімділігін, идеяларын ұлттық мүддеге қолдануды жөн санады. Қазақ мәдени-ағарту саласына жастарды тарта отырып, қазақ маман кадрларын даярлауды қолдады. Қазақ жастары арасында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, Семейде драма театрының іргетасын қалап, әлеуметтік жағдайға байланысты пьесаларын қойып, ел аралап, қарапайым халықтың тамашалауына мұрындық болды.

Дегенмен үкіметтің ұзын құрығы Мұхтарды да жайына қалдырмады. 1930 жылы оның үстінен алашшыл, ұлтшыл ретінде іс қозғалып, тұтқындалады. Оған тікелей түрткі болған 1930 жылдың 1 қазанында Алматыда өткен қалалық партия белсенділерінің жиналысында «алашшыл, ұлтшыл, сәдуақасовшыл» деп айыптаған Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф. Голощекиннің баяндамасы еді. Осы негізде Мұхтарға тағылған 58 баптың 7,11-тармақтарындағы айыпта «Алашшыл контрреволюцияшыл көзқараста болып, патрия қатарынына кіріп алды, ұлтшылдық әрекеттер жасады» делініп, қылмысын бетіне басуға тырысты. Сөйтіп оған «алашшылдармен бірге астыртын ұйым құрып кеңестік билікке қарсы шықты, байшыл-ұлтшыл көзқараста болып, феодалдық өмірді дәріптеді»  деген айыптар тағылды.

1932 жылы 20 сәуірде ҚАКСР ОГПУ-дың уәкілетті төрағасы Каруцкийге жазған хатында өзінің әдеби және зерттеушілік қызмет жолының кейде тіпті Қазақстандағы мәдени революцияның жолы мен ұмтылысына қарсы болды деген қорытындыға келгендігін жаза отырып, өзінің «Еңілік-Кебек», «Қаракөз» сияқты шығармаларында бұрынғы өмірді көксеу бар екендігін, кеңестік жастардың сана-сезіміне кереғар әсер тудыруы мүмкіндігін, «Таң», «Шолпан» журналдарында өзінің революцияға дейінгі қазақ әдебиетінің жолына қатысты идеологиялық тұжырымдары революциялық жылдар мен революциялық қоғамның әлеуметтік тапсырысына сәйкес келмейтіндігін, бұл қателіктер қазақ ақыны Абай Құнанбаев туралы шығармаларындағыдай кейінгі зерттеулерінде де жойылмағанын мойындады. Ол сонымен қатар «Алқа» платформасына қатысты ойын да қателікке жатқызып,  алдағы уақытта Қазақстандағы мәдени революцияның табысқа жету жолына кедергі болмауға уәде беріп, керісінше, оның табысты жүруіне ықпал ететінін сенім білдірді.

Пікірлер