Су тасқыны: басты міндет – елдің талабын орындау - Нартай Сәрсенғалиев

1499
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің жартысы қарғын судың қақпанында қалды. Арнасынан адасып аққан судың салдарынан баспанасынан, өмір бойы жиған-терген дүниесі мен мал-мүлкінен қапыда айрылған ағайынның билікке өтініші көп. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев төменгі палатаның жалпы отырысында айтты.

Халық қалаулысы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолданған депутаттық сауалда су тасқынына төтеп бере алмаған мемлекеттік қызметкерлерді жазаға тарту керектігін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет» деді.  Шынымен, жұмысына салғырт  қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл Президенттің және елдің нақты талабы», - деді депутат.

Бұған дейін бірқатар Мәжіліс депутаты тасқын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысына барып қайтқан еді.

«Құлсарыда 2900 үй су астында қалған. Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді, қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 450 үй қирап қалды. Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жалпы Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге  қарай жөңкілеп келеді. Жайық өзені БҚО-ның 600 шақырым жеріне ағыпөтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі 8,5 метр. Демек, келе жатқан судың биіктігі еліміздегі Жайық өзенінің ең биік нүктесінен 3 метрге жоғары. Өзеннің бойында 84 елді мекен бар, ол жақта 126 000 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес», - деді депутат.

Депутат өз сөзінде Атырау өңіріндегі бөгет тұрғызу жұмысының жұмыла атқарылып жатқанын да атап өтті.

«Бұқар жыраудан: «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» деген сөз қалған. Расында, батысқа болысқан елдің көмегін, жанұшырып барып бөгетті бекітуге тырысқан жандарды көргенде қазақтың бірлігін ешкімнің ешқашан бүлдіре алмайтынына көз жетеді. Елмен кездесуге барғанымызда сондағы әйел кісінің үш кішкентай баласымен бірге құмды қапқа салып жатқанын көрдік. «Неге қапшықкөтеріп жүрсіз балалармен, ауыр ғой» - деген сөзімізге: «Әкеміз вахтаға кетті, бізге «елге көмектесіңдер» деді» деп жауап берді. Бұл біз көп айтатын бірлік деген сөздің нағыз көрінісі болды»,- деді ол.

Су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі өтемақы, ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуі тиіс. Нартай Сәрсенғалиев өзінің депутаттық сауалында комиссиялар су кеткенін күтпей, қазірден бастап үйлерге жүзіп барып аралық акт жасауы керектігін айтты.

Сондай-ақ ол судың ағынымен қатар, ақпарат ағыны да қауіп төндіріп тұрғанын атап өтті.

«Қарапайым халықты кедейлікке әкелген бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатыр.«Құлқынның құлы болғанша, Халқыңның ұлы бол» дегенді 30 жыл бойы құлағына қыстырмағандар қазіргі жағдайды саяси есеп айырысудың құралына айналдыру үшін өлімдесуде. Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқорлық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді, әрине. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған», - деді Сәрсенғалиев.

Депутаттың сөзінше, елде ғылым саласына тиісті жағдай жасалмаған.

«Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында 40 мың ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған. Осынша олқылыққа, яки қылмысқа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек. Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар. Арнасынанадасып аққан судың астында қалған ағайынның мәселесін бір депутаттық сауалға сыйғызу мүмкін емес. Өңірден келген депутаттар әр проблемамен жеке-жеке айналысады. Шешуге мұрындық болады, себебі басты міндет – елдің талабын орындау», - деді ол.

Пікірлер