Президент шетелдегі ғалымдарды елге шақырды

1439
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде жұмыс істеп жүрген ғалымдарды елге шақырды. Бұл туралы ол бүгін, 12 сәуірде өтіп жатқан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Бүгінгі жиында шетелдік ғылыми орталықтарда табысты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды Қазақстанға қайтару маңызды деген пікір айтылды. Бұл ұсынысты қолдаймын және отандастарымызды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақырамын. Мемлекет өз тарапынан мұндай ғалымдарға ұйымдастырушылық тұрғыдан және қаржылай нақты көмек көрсетеді»,—деді ол.

Президент шетелде жұмыс істейтін ғалымдарды бұған дейін де шақырғанын атап өтті.

«Осы мәселені мұқият ойластыру керек. Ғылым өзінің ауқымы мен сипаты жағынан жаһандық деңгейде болғандықтан бұл жерде жалаң патриотизмге берілу орынсыз. Әйтсе де Қазақстан ақыл-ойдың жаһандық бәсінен тыс қалмауы керек.

Өте білімді адамдар, сұранысқа ие ғалымдар жақсы жалақы, зерттеуге қолайлы жағдай іздеп немесе жай ғана жаңа тәжірибе үшін басқа мемлекеттерге жиі қоныс аударады. Мықты ғалымдардың келуі еліміздің дамуына тың серпін береді әрі адами капиталдың сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді. Мұны әлемдік тәжірибе анық көрсетіп отыр»,—деп толықтырды Тоқаев.

Пікірлер