Сумин: 20 су қоймасы салынады

1560
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Егемен Қазақстан
Сурет: Егемен Қазақстан

Су ресурстары және ирригация министрлігі елдімекендерді су тасқынынан қорғау және тасқын суын жинау мақсатында 20 су қоймасын салады. Бұл туралы 11 сәуірде ОКҚ-да өткен брифинг барысында министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жаңа су қоймалары 11 облыста бой көтермек.

«Бес су қоймасының құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр. Жаңа су қоймалары суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 елді мекенді су басу қаупін азайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, еліміздегі жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасына реконструкция жасалады. Бұл 70 мың адам тұратын 64 елді мекенді су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ 74 мың га суармалы жерге су беруді жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Мөлдір Әбдуалиева.

Айта кетейік, қазіргі уақытта СҚО-да су тасқыны жалғасып жатыр. Ал БҚО-да Иреклі су қоймасынан жіберілген су Қазақстан шекарасына әзірге жеткен жоқ. Бұл су 15-20 сәуірде келеді деп күтіліп отыр.

Шығыс Қазақстан облысында үш ірі су қоймасының орташа су жинау көлемі 84,8%. Өңірде су тасқыны басталды, сондықтан Ертіс су қоймаларының каскады бойынша су жіберіліп жатыр.

Қазгидрометтің мәліметінше, Жабай өзенінің реттелмейтін ағыны артып келеді.  Сондықтан Ақмола облысының Атбасар ауданында су тасқыны қаупі бар.

«Министрлік, өңір әкімдігі және ТЖД қауіптің алдын алу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі.

Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 97%-ға толды. Өңірдегі жағдай тұрақты.

Министрлік мамандары тасқын суын апатсыз өткізу және оны жинау жұмыстарын қадағалауда.

Пікірлер