Ақмола облысындағы Атбасар қаласын су басты

1345
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Ақмола облысындағы Жабай өзенінде су деңгейі күрт көтеріліп, Атбасар қаласына су кірді. Осыған орай қала әкімі Аманбек Калжанов өңірде Төтенше жағдай жариялап, халыққа үндеу жолдады, деп хабарлайды ”Адырна” ұлттық порталы. 

Бүгін таңғы беске таяу топырақтан жасалған дамба 6 жерден бұзылып, қызыл су ырық бермей кеткен. Бірден қалада дабыл жүйесі іске қосылды. 7 уақытша орналасу пункті ұйымдастырылып, су басқан үйлердің тұрғындары эвакуацияланып жатыр. Бірден аудан әкімі халыққа үндеу жасап, қауіпті аймақтағы халықты да жылдам көшуге шақырды. Су сору жұмыстарына 400-ден астам адам, 100 техника жұмылдырылған. Жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

«Жабай өзеніндегі су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты таңғы 4:43 шамасында 6 жер учаскесіне су жайылды. Салдарынан қаланы су басты. Су деңгейі қауіпті 5.95 метрге дейін көтерілді. Әлі де көтеріліп жатыр. Осыған байланысты су басатын аймақ тұрғындарына қауіпсіз орындарға көшу ұсынылады», – деді әкім.

Әкім тұрғындарға арнайы эвакуациялық орындар дайындалғанын айтты. Сонымен бірге су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек беріліп, үйлері қалпына келтірілетінін жеткізді.

Өңір әкімдігінің соңғы ақпаратына сәйкес су деңгейі 6,1 метрге дейін көтерілген. Қауіпті деңгей 4,45 метрді құрайды.

Айта кетейік, Атбасарды осымен үшінші рет су басуда. Мұның алдында қала 2014 жылы, 2017 жылы су астында қалған. Өзен жағалауы маңында орналасқан 130-ға жуық үй суға кеткен. 100-ден астам адам эвакуацияланған. Кей тұрғындар үйлерінен кетуге келіспеген.

Пікірлер