"Үлкен су келе жатыр!" - СҚО әкімі халыққа үндеу жасады

1694
Adyrna.kz Telegram
Фото: matritca.kz
Фото: matritca.kz

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Stan.kz-ке сілтеп.

Ғауез Нұрмұхамбеттің айтуынша аймақтағы ахуал әлі де күрделі.

“Өңірде су тасқыны жағдайы күрделі. Облыс орталығына үлкен су келе жатыр. Бірінші кезекте еріген суды елдімекендерге жеткізбей бұруға тырысып жатыр. Қазір Есіл өзенімен үлкен су келе жатыр.

Сергеев су қоймасында толып кетудің абсолют рекорды – 4 метр 25 сантиметр тіркелгені анықталды.

"Үлкен су Есіл өзені бойындағы елдімекендерге қауіп төндіреді. Шамамен бір-екі күннен кейін су облыс орталығына жетеді. Прибрежное және Тепличное ауылдарын, Заречный кентін су басу қаупі төніп тұр. Петропавлға қарай үлкен су ағыны келе жатыр. Тағы да қайталап айтамын, үлкен! Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Васильевич Склярдың тапсырмасы бойынша үйлері су басу аймағында орналасқан Заречный кентінің тұрғындарын эвакуациялап жатырмыз. Тұрғындардан түсіністікпен қарауды және су тасқыны кезеңіндегі талаптарға бей-жай болмауды сұраймын", – деді әкім.

Одан бөлек облыс әкімі қиындықта көмек қолын созғандарға алғыс айтты.

"Биылғы су тасқыны бәріміз үшін үлкен сынақ болып отыр. Бірліктің арқасында біз барлық қиындықты жеңеміз. Қазір үлкен сумен күреске үш мыңнан астам адам жұмылдырылды. Олар – мердігер ұйымдар, құрылыс компаниялары, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, құтқарушылар, коммуналдық қызметтер, полицейлер, еріктілер және біздің қала мен аудандардың қарапайым тұрғындары. Көмекке басқа аймақтардан құтқару қызметтері, ұлттық ұлан мен қорғаныс министрлігінің қызметкерлері келді. Мен осы қиын кезеңдегі көмегі үшін барлығына ризамын. Адами тұрғыда алғыс айтамын.

Алда үлкен сынақ күтіп тұр. Ең бастысы – сабырлы болу және бір-бірімізге көмектесу. Су тасқыны ауқымын елемеуге болмайды. Жақындарыңызды ойлаңыз. Егер сіздің үйіңіз немесе саяжайыңыз су басу аймағында болса, қауіпсіз жерге көшіңіз. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сақ болыңыз. Біз бәріміз жақсыдан үміттіміз, бірақ ең нашар жағдайға дайын болу керекпіз. Тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тасқынының салдарын барынша азайту үшін бар күшімізді саламыз. Барлығымызға шыдам пен сәттілік тілейміз", – деді Ғауез Нұрмұхамбет.

Пікірлер