Топан судың ортасында қалған көпбалалы отбасы құтқарылды

1505
Adyrna.kz Telegram
Фото: turkystan.kz
Фото: turkystan.kz

Ақтөбеде мұз аралас судың құрсауында қалып қойған көпбалалы отбасы құтқарылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі turkуstan.kz-ке сілтеп.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданына қарасты Саралжын ауылдық округінде учаскелік полицей болып жұмыс істейтін Есболат Әділханов бастаған бір топ жігіт 28-наурызда түнгі сағат 02:30-да Қобда-Ойыл бағытындағы тас жолда қалған көпбалалы отбасыны су ортасынан құтқарған.

Көпбалалы ата-ана су ортасында көлік ішінде қалып қойған. Отағасы Жалғас Қобда-Ойыл бағытында болған.

"27-інен 28-іне қараған түнде Қобда-Ойыл бағытындағы жолда, Кемер ауылдық округінің тұсында сеңді су тасқынына тап болдық. Жолда су деңгейі кенеттен көтерілгендіктен, кері бұрылып үлгермей қалдым. Сөйтіп, бала-шағамызбен көліктің ішінде судың құрсауында қалып қойдық. Сосын Кемер ауылдық округіндегі Еркін деген ағамызға хабарласып, көмек сұраған едім. Ауылға көмектесіп жүрген бір топ жігіт Саралжын ауылдық округінің учаскелік полицейі Есболат Әділхановтың бауырымыздың қызметтік көлігіне мініп, бізді құтқаруға келді", – дейді Жалғас.

Көпбалалы отбасыны құтқару жұмысы 1 сағатқа жалғасқан.

"Ойланып тұратын уақыт болған жоқ. Қалай да бір отбасыны аман алып қалу керек еді. Тәуекелге бел байладық. Өмірлерін тәуекелге тіккен Кемер ауылының азаматтарына алғыс айтамын", – дейді құтқарған учаскелік полицей.

Қазір Жалғас  бала-шағасымен бірге Кемер ауылына тұрақтаған.

Пікірлер