Бозымбаев Атырауда төтенше жағдай жариялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді

1328
Adyrna.kz Telegram

Премьер-Министрдің орынбасары – Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Атырауда төтенше жағдай режимін енгізу жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді.

«Менің ойымша, біз бірінші кезекте Атырау қаласында төтенше жағдай жариялаймыз. Құлсарыда да жарияланғандай, Атырауда да жарияланады. Бірақ әрине адамдарды дүрліктіру үшін емес. Бүгінде Жайық өзеніндегі тасқынмен күресу жоспарын жасап жатырмыз. Өйткені қазір Ресей Федерациясынан келетін ағын сулардың текше метрі 3 мыңды құраса, алдағы уақытта 4-4,5 мың болуы мүмкін. Ал бұл судың Атырауға жетуіне 20-дай күн бар. Сондықтан Атырауға жеткенше барлық бөгеттерімізді нығайтып, қажетті каналдарды қазып, суды қайтаруға дайын болуымыз керек», - деді Бозымбаев сенбі күні.

Айта кетейік, елдегі су тасқыны салдары әлі де сейілер емес. Аймақтар тасқын судың астында қалып, тоғыз облыста (Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау) жергілікті төтенше жағдай режимі жарияланды.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апатқа қатысты қазақстандықтарға үндеу жолдады.

 

Пікірлер