«Көк қасқыр». Әуезов шығармасының аудармасы табылды

2414
Adyrna.kz Telegram

М.Әуезов­тің қырғыз тіліндегі латын әрпімен жазылған «Көк қасқыр» шығарма­сы табылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Еgemen.kz сайтындағы материалға сілтеп.

Фрунзе қаласындағы «Кир­гос­издат» типография­сынан 10.000 данамен жарыққа шыққан 35 беттік шығарма 1928 жылы жарияланды. Бұл туралы А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Лаура Дәуренбекова былай жазды:

"2023 жылдың күз айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­те­тінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Еркінгүл Солта­наева екеуміз ҒЖБМ Ғылым комитеті қаржыландыратын АР19679312 ­«Алаш қайраткерлерінің аударма еңбектеріндегі адамзатқа ортақ құнды­лық­тар» ғылыми жобасы аясында іссапармен Қырғызстан Республикасы­ның Мемлекеттік Орталық архивіне барып, аталған архивтен М.Әуезов­тің қырғыз тіліндегі латын әрпімен жазылған «Көк қасқыр» шығарма­сын кездестірген едік" дейді ол.

Кітаптың артында қырғыз тілінде қолжазба да тіркелген. Лаура Дәуренбекова бастапқыда бұл шығарманы М.Әуезовтің «Көксерек» шығармасының қырғыз тіліндегі аудармасы деп ойлап қалған. Алайда:

"Кітаптың мұқа­басын­да «М.Ауезов. Серый волк. Детский рассказ. На киргизском языке» деп беріліпті. Кітаптың артына шығарманың қырғыз тіліндегі қолжазбасы бірге тір­келген. Бірақ қырғыз тіліне кімнің аудар­ғаны жазылмаған. Кітап қырғыз тілінде болғандықтан, асықпай танысуымыз керек болды. Басында бұл шығарманы М.Әуезовтің «Көксерек» шығармасының қырғыз тіліндегі аудармасы деп ойладық. Кейін таныса келе, мүлде басқа шығарма екеніне көзіміз жетіп, М.Әуезовтің барлық шығар­масын қайта қарап шықтық" деп жазды ол.

Автор қолда бар кітапты қазақ тіліне аудару жоспарланып жатқанын айтты.
"Қо­лымыздағы нұсқаны қазақ тіліне аударып, бастыру жоспарымызда бар. Қырғыз рес­публикасы Мемлекет­тік Орта­лық архи­вінен кітапты, тіпті аудар­­м­аның қол­жазбасын да алдырып, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мем­лекеттік орталығына тапсырылса құнды болар еді" деп қосты ол.
Пікірлер