Қытай ақынының жоқшысы болған саясаткер дүние салды

1765
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тұңғыш төрағасы болған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Байгелді Өмірбек дүниеден озды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сенаттың ресми Telegram-каналында хабарланғандай, бүгін, 3 сәуірде Астанада Байгелді Өмірбек қайтыс болды. Биыл 15 сәуірде ол 85 жасқа толар еді.

Байгелді Өмірбек Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының тұңғыш төрағасы болды. Ол бұл қызметті 1996-1999 жылдар аралығында атқарған.

Байгелді Өмірбек 1939 жылы Жамбыл облысы (ҚазКСР) Қызыл Октябрь ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, «Қызыл Октябрь» колхозында жұмысшы болып бастаған.

1990 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл облыстық әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Президентінің кеңесшісі болды.

Парламент Сенатының бірінші, екінші, үшінші және төртінші шақырылымдарының депутаты болды. Жалпы, ол Парламент Сенатында 16 жылдан астам қызмет етті.

"Қайраткердің қазасына байланысты оның отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қоштасу рәсімі туралы ақпарат қосымша хабарланады", - делінген Сенат хабарламасында.

Өмірбек Байгелдінің саясаттан тыс, қытай ақыны Ли Боның да жоқшысы болып, оны "Елібай" атап мақалалар жазып, кітабын шығарғаны белгілі. Ол туралы «Табылмай келген қазына» атты деректі фильм де шығарылған.

Пікірлер