“Арқалап өтсе де алғыс айтпады”. Ер адам қыз баланы топан суда арқалап өткен

2298
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Әлеуметтік желіде ағынды судан қыз баланы арқалап өткен ер адамның әрекеті талқыланып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Әлеуметтік желіге тараған видеода топан судан өте алмай тұрған қызды ер адам арқалап, жағаға шығарған.

Бейнеде қыз баланың “Қандай әсерлі сәт” деген даусы естіледі.

Өмір Шыныбекұлы Facebook желісіндегі парақшада:

"Қызды арқалап судан өткізген жігіттің аты-жөні Қапият Дәулет екен. Ақшасы төленген таксиден түсіп кете барған қызды танысаңыздар, жігіттің бетінен "шөп" еткізгенде керемет көрініс болар еді, әттең-ай... Қыздың шешесіне сәлем айтыңыздар. Қызына тіпті "рахмет" айтуды үйретпепті. Әрине жігіт алғыс алу үшін өткізген жоқ... Дегенмен, кез-келген еңбектің өтеуі ең құрыса бір ауыз жылы сөз болуы керек", - деп жазды.

BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев видеодағы жігіт компания қызметкері екенін жазды.

“Оның есімі – Қапият Дәулет, біздің қатардағы қызметкер, Астанадағы нысандардың бірінде жедел есеп маманы. Қиын жағдайда сөзсіз көмекке келетін жігіттерді мақтан тұтамын. Осы бір топан су күнінде апатты жеңуге көмектесетін де дәл осындай жігіттер”, – деп жазды Рахымбаев Facebook парақшасында.

Сонымен қоса Айдын Рахымбаев су басқан өңірлерге компаниясының қаржылай көмекті арттыратынын да айтты.

“Нағыз жігіттер осындай қиын кездерде сыналады. Дәулет деген біздің қарапайым жұмысшы, нағыз азамат. Ең бастысы, ел басына күн туғанда бірігіп, бір-бірімізге көмек көрсетсек, бәрін жеңеміз”, – деді ол.

Пікірлер