Қазақстан жыл сайын жарияланатын World Happiness Report рейтингінде 43-орынға ие болып, ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы 24.kz-ке сілтеп.
Бұл тізімде Қазақстан Өзбекстаннан 10, Ресейден 13, Қырғызстаннан 32 орынға жоғары тұр. Былтыр еліміз 49-орында болған.
World Happiness Report рейтингі – Gallup, Біріккен Ұлттар Ұйымы және Оксфорд университеті жүргізетін зерттеу. Бақыт индексі жан басына шаққандағы ЖІӨ, әлеуметтік қолдау, өмір сүру ұзақтығы, еркіндік, жомарттық, мемлекеттік институттарға сенім және азаматтардың өмірге қанағаттанушылығы негізінде есептеледі.
Соңғы жылдары Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 73-тен 75 жасқа дейін ұзарды, жалпы өлім-жітім 7,8%-ға, ана өлімі 26,3%-ға, нәресте өлімі 15,8%-ға төмендеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысв Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметінің алты жылдығына арналған мақаласында жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің екі есеге жуық өскенін атап өткен болатын.