Көзі көрмейтін адамдардың қазақ тілінде ақпарат алуына көмек

691
Adyrna.kz Telegram

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы көру қабілеті төмен азаматтарға арналған экран дикторы жобасын таныстырды. Елімізде қазақ тілінде алғаш рет жасалған бірегей жоба зағип жандарға жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін ашады. 

Бүгін Астана қаласында «Экрандық диктор» жобасының таныстырылымы өтті. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Мақпал Жұмабай қонақтарға экран дикторды таныстырып, жалпы оның қажеттілігі мен маңызына тоқталды.

– Экран дикторы қызметі әлемде екі мыңыншы жылдардан бері қолданылады. Ал қазақ тіліндегі қосымша алғаш рет әзірленіп, көру мүмкіндігі шектеулі адамдарға ұсынылғалы отыр. Қажетті апробациядан өткіздік. Қазақ тіліндегі осы тектес алғашқы жоба болғандықтан барлық мүмкіндіктерді қарастырып, жылдамдыққа, дауыс мақамына, ырғаққа, нақтылыққа, дизайнға бас мән беріп, тұтынушылар үшін ыңғайлы болуын назарға алдық. TTS, яғни мәтінді дыбысқа түрлендіретін технология арқылы Android смартфондарға арналған қосымша әзірленді. Алдағы уақытта IOS үшін арнайы қосымша іске қосылады, –  деді.

Жиын барысында ҚР Мәжіліс  депутаты Кенжеғұл Сейітжан жобаның тестілеуіне қатысқандығын айтты.

–  Қосымшаның жұмыс істеу жылдамдығы, ырғақ, тіпті дауысты таңдау батырмасының болуы, дыбысты ұлғайту не азайту функциялары тұтынушының төзіміне, жеке қабылдау қабілеті мен сезімдерін ойластырып жасалған. Қазақ тіліндегі кез келген мәліметті мүлтіксіз оқып тұр. Қосымшаны қолдану үшін жаңа бір дүниені үйрену де қажет емес. Мен Android-та көп жасамайтын болғандықтан, IOS-тағы нұсқасын асыға күтемін. Жалпы осы жобаны жүзеге асырған «Тіл-Қазына» ұжымына алғысымды білдіремін, –  деді ол.

Көз аурулары қазақ ғылыми зерттеу институтының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 85 мыңнан астам зағип жан бар. Ал олардың 18 мыңы – балалар. Сондықтан іске қосылғалы тұрған бұл жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін мол мүмкіндік болмақ. Енді көз жанары нашар көретін, мүлде көрмейтін қазақтілді отандастарымыз қосымша көмегімен ешкімге тәуелді болмастан ақпаратты өз беттерімен оқиды, тұтынады, кәдеге жаратады. Сондай-ақ бұл жоба қолданбалы білім беру аспектісіне де оң әсерін тигізеді. Көру қабілеті төмен оқушылар мен студенттерді оқыту барысында қосымшаны тұрақты көмекші құрал ретінде пайдалануға болады. Жалпы бұл  инновациялық құрал мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын арттырып, ақпаратқа қолжетімділікті, әлеуметтік белсенділікті қамтамасыз етеді.

Қосымшаға сілтеме арқылы өтуге болады.

Айта кетейік, шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі  Динара Щеглова, инклюзивті білім беру маманы Зият Әбдіқайымов, қоғам қайраткерлері Оразгүл Асанғазы, Алмагүл Исина, Ринат Кертаев, «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Мұрат Әбдімомынов, Тіл саясаты комитетінің өкілдері, сондай-ақ тағы басқа ғалымдар мен жоба авторлары, қоғам белсенділері, мен журналистер қатысты.

 

Пікірлер