Бүгін қазақтың күрескер тарихшысы, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі – Ермұхан Бекмахановтың туғанына 110 жыл толды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ермұхан Бекмаханұлы 1915 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген.
1937 жылы Ресейдің Воронеж қаласындағы педагогикалық институтын бітірген. Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек еткен.
1946-1947 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, ягни 1966 жылғы мамырдың алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.
1946 жылы Бекмаханов "Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында" атты докторлық диссертация қорғап, Кенесары Қасымұлының көтерілісі жайында жазып, оған "ұлт-азаттық қозғалыс" деген сипат береді. Қазақстан тарапынан баяндама жасап, сол жерде қағазсыз сөйлеген Ермұханды көрген барлық халық таңқалған көрінелі.
Содан кейін ол "Ұлтшыл" деп айыпталып 25 жылға бас бостандығынан айырылып жер аударылады.
Ол кісінің лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Михайловна Панкратова сияқты қайырымды адамдардың көмегінің арқасында Берия атылғаннан кейін Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты.
Көзінің тірісінде ақталмаған еңбектері, Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан кейін ақталып, Қазақ университеті баспасында жарық көреді.