Бүгін, 18 наурыз Астана қаласы Байқоңыр ауданында ангар үлгісіндегі жеке тұрған бір қабатты қойма өртенді. Бұл туралы ТЖД мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Мәлімет бойынша, сағат 07:20-да өрт сөндірушілер Байқоңыр ауданында болған өрт орнына шыққан. Бөлімше қызметкерлері барған уақытта алдын ала болжам бойынша ауданы 1 мың шаршы метр алаңда отқа оранған бір қабатты қойманың жанып жатқаны анықталды.
Өрт кезінде ғимараттың алдыңғы қабырғасы мен шатыры құлады. Оқиға орнында 3 жауынгерлік учаске құрылды.
Өрт сөндіру жұмыстарына жеке құрамнан 70-ке жуық адам, 15 техника жұмылдырылды.