Ұлттық құрылтай ұлт бірлігін бекемдейді

878
Adyrna.kz Telegram
Фото: ortcom.kz
Фото: ortcom.kz

Елдікті нығайтып, бірлікті бекемдеу мақсатымен мемлекет тарихында қайта жаңғырған Ұлттық құрылтайдың екі отырысы өткені баршаға мәлім. Алғашқысы – Ұлытауда, одан кейін Түркістанда. Ұлтты ұйыстырған екі жиын  да мазмұнды болып, халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер айтылды. Тың ойлар ортаға салынды. Айтылып қана қоймай жүзеге асырылып келеді. Бір ғана мысал, Ұлытаудағы жиыннан кейін атаусыз қалған «Республика күніне» ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.

Ұлттық құрылтайда жалпыұлттық бірлікті нығайту, жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру, еңбекке баулу және жас ұрпақ тәрбиесі, кадр саясаты, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұраларды жан-жақты дәріптеу, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, мемлекеттік саясатта талдау және сараптама жасау қызметінің сапасын жақсарту, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар шекаралас аймақтарды дамыту, қоғамда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту сынды мәселелер талқыланды. 

«Мен үшін Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жәй ғана пікір алмасатын жер емес. Оны еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ деуге болады»,- деген еді Түркістанда өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы.

 Президент бұл ойын «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында  үстемелей түседі.

«Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды»-  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы осы көктемде ұйымдастырылатыны айтылды. Оның ел тарихында айрықша орны бар шежірелі аймақ – Атырау облысында өтетіні де көпке мәлім. Осы аймақтағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккені тарихтан белгілі. Қоғам үнін жеткізетін биылғы кеңесте қандай келелі мәселелер көтерілуі тиіс? Ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері пайымды пікір, парасатты ой, ұсыныстарымен бөлісті.

Досалы САЛҚЫНБЕК, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор: 

– Республикалық деңгейдегі үшінші Ұлттық құрылтай өткелі отыр. Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, Құрылтайдың қазақ қоғамындағы рөлі өте күшті болған. Сонау Тәуке хан кезіндегі «Жеті жарғы» заңы бойынша жыл сайын Күлтөбенің басында Құрылтай шақырып отырған. Онда ел мен жер үшін, мемлекет үшін тарихи маңызды мәселелер ақылдасып, келісіп шешілген болатын. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген қағида бар. Алғашқы  Ұлттық құрылтай Ұлытауда, одан кейін Түркістанда өтті. Енді еліміздің батысында Сарайшықта өткелі отыр. Сарайшықтың таңдалуы да жайдан-жай емес. Сарайшық  сонау Алтын Орда мемлекетінің ірі сауда және экономикалық орталығы, бертінде Қазақ хандығының  Қасым хан тұсында астана болған орын. Яғни, Ұлттық құрылтайлардың өзі осындай тарихи орындарда өткізілуінің өзінің астарында үлкен мән бар. 

Ұлттық құрылтайдың мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз  қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту. Осыған дейін өткізілген Ұлттық құрылтайларға мән беріп қарасақ, мемлекетіміз, ел бірлігі үшін, мемлекет пен қоғам мүддесін бәрінен жоғары қою сынды мәселелер, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін нығайту, мәдени мұраны жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақ тәрбиесі сынды қадау-қадау мәселелер талқыланған болатын. Жалпы Ұлттық құрылтайда ұлтымыздың рухани өзегі талқыланатын мәселелер ғой. Батыста өтетін Ұлттық құрылтайдың жұмысына табыс тілейміз. Руханият, мәдениет,  ұрпақ тәрбиесі саласында қордаланған мәселелер өте көп. Осы құрылтайда да ұрпақ тәрбиесі қайта қаралса деймін. Мемлекеттік тіл мәселесі де тілге тиек етіледі деген ойдамын. Ұлттық құрылтай ұлт бірлігін бекемдейді.   

Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР ҰҒА академигі:

– Құрылтайдың құрамы қалай құрылады? Бұл үлкен сұрақ. Өйткені оның ішінде әр сала мамандары, білгір, елге белгілі, беделді адамдар болу керек. Құрылтайды Президенттің ақылшысы деген мағынада қарау керек. Онда ауданның, облыстың майда-шүйде мәселелері талқыланбауы тиіс. Алқалы жиын болған соң, онда мемлекеттің болашағына қатысты мәселе қаралуы қажет.  Мәселен, Қазақстанға қандай табиғи апаттар келуі мүмкін? Одан қорғанудың жолдары қандай? Халықаралық жағдай Қазақстанға қалай көрініп тұр? Мысалы Америкада  олар барлық елдердің саясатын тексеріп, «Американың досы», «Американың жауы» деп мемлекеттерді екі бөліп қарайды. Ол кәсіпкерлердің, жалпы халықтың сол ел туралы көзқарасын қалыптастырады. Оның түбі – сақтық, қорғаныс. Міне, осындай жағдайлар Құрылтайда талқылануы керек. 

Жұмыссыздықты жою және кедейшілікпен қалай күресу керек? Қандай жолдары бар. Үкімет осы туралы не дайындады және ол қалай іске асып жатыр? Ұлттық құндылықтар талқыланып, соларды дамытудың жолдары қарастырылу керек. Қазақ тілі – ана тіл,   дін (діннің дұрыс әсері болу керек, кері әсер беретін дін салаларын жабу керек), ұлттық салт-дәстүріміз, тарихымыз, бұны да өлшеп-өлшеп зерттеуіміз керек. 

Өңірлік жерлерге электр энергиясы жетпей жатыр деген мәселе Құрылтайдың жұмысы емес, ол үшін  жергілікті әкімдіктер мен мәслихат депутаттары, мамандары бар, солар шешу керек. Бұны ажырата білу керек. Алдымен Ұлттың құрылтайдың не үшін керек екенін анықтап алу керек. Егер Құрылтай барлық мәселені қамту керек болса, онда ол әр деңгейде құрылу керек. Аудандық деңгейде әр ауданның, облыстық деңгейде әр облыстың және мемлекет деңгейінде Үкіметтің Құрылтайы болуы керек деп есептеймін. 

Құрылтайдың құзіреті бұйрық емес, жалпы Президенттің алдына қойылатын мәселе болу керек. Құрылтайға өмір көрген, тәжірибелі, қазақ тілін, тарихын, дәстүрін, құндылықтарын жетік білетін ғалымдар, жазушылар, сала мамандары керек. Халықпен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан майталман журналистер, саясаткерлер, қоғамды зерттейтін  ұйым өкілдері керек. Әрине, ақсақалдарды жинап алған ол да дұрыс емес. Қазіргі өмірден хабары бар ақылды жастар да көп. Құрылтайдың құрамында жас та, орта жастағы да, ақсақалдар  да болу керек деп санаймын.

Құрылтай бізде әуелден бар. Қазақстанның әр қиырынан билер, ақындар, данышпандар, т.б бір тудың астына  жиылып, халықтың жағдайы, мемлекетке қандай қауіп бар, елді қалай қорғау керек, қалай әскер жинау керек, кімді басшылыққа қою керек, осындай мәселелер талқыланған. Оны хан біле бермеуі мүмкін, сондықтан негізгі міндеті–басшыға дұрыс кеңес беру. 

Талқыбек ЖҰМАДІЛОВ, химия ғылымдарының докторы, профессор:

– Соңғы жылдары халықаралық шиеленістің күшеюі байқалады. Жер қойнауындағы шикізатты игеру мақсатында мемлекеттер арасында текетірестер күшеюде. Осы шиеленістер біртіндеп қарулы қақтығыстарға ұласуда. Біздің түркі мемлекеттер осындай қиындықтарға дайын болуы керек. Бұны шешудің бір жолы – түркі мемлекеттері мұсылман
мемлекеттерімен бірге ірі ғылыми-техникалық орталықтар құру. Бұл орталықтардың басты мақсаты – стратегиялық бағыттағы жаңа ғылыми-техникалық зерттеулерді дамытып, экономика және қорғаныс салаларын жаңа техникалық құралдармен, технологиялармен қамтамасыз ету. Бұл орталыққа бүкіл мұсылман және түрік әлеміндегі жетекші ғалымдарды
топтастыру. Бұл орталықты басқаратын мемлекетаралық ұйым құру. 

Мен ғалым ретінде алда өтетін Ұлттық құрылтайда мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеті де қозғалса деген ұсыныс білдіремін.  

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

– Құрылтайда біздің қоғамдағы жұртты қатты толғандырып жүрген мәселелер қозғалуы керек, қозғалып та жүр. Ол мәселелер шешімін табуы керек. Бәлкім, осы Құрылтайда қозғалған өткір мәселелерді шешу үшін «осы маңызды мәселені шешуді осы министрлікке тапсырамыз» деген сияқты белгілі бір министрліктерге жүктеу керек шығар. 

Құрылтай күнде бола бермейді. Онда көтерілетін мәселелер өзекті, ауқымды, өткір болуы керек. Мәселен, оқулықтарға байланысты. Қазақ мектептеріндегі оқулықтар, әсіресе бастауыш сыныптардағы оқулықтардың дайындалуы әлі де сын көтермейді. Өйткені баланың ұғымына, оқуына ауыр тиетін тақпақтар, шығармалар,  берілетін тапсырмалар олардың бәрі бір-екі ғана адамның талдауымен, таңдауымен оқулыққа еніп кетеді. Бұлай болмау керек. Оны көптеген педагог-ғалымдар ақылдаса отырып, бірнеше ұсынылған шығармалардың ішінен іріктеп алу керек. Олай болмай жүр. Біз кейде балаларымыз бен немерелерімізге кейбір тақпақ пен  мен өлеңдерді жаттата алмай қиналамыз. Себебі екшеуден өтпеген, кез келген нәрсені қолдарына ала салған сияқты әсер қалдырады. 

Түркістанда өткен Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық идеологияны қалыптастырудың тиімді құралының бірі – кітап шығару ісімен тығыз байланысты екенін баса айтқан еді. Президенттің «кітап оқитын халық қана нағыз зиялы бола алады» деген пікіріне толық қосыламын. Сондықтан өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерімізді салу керекпіз. 

Жанна Жомарт

Пікірлер