"Хабар" агенттігінің басшысы сынға қалған бағдарлама үшін кешірім сұрады

1764
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

"Хабар" агенттігінің басшысы Кемелбек Ойшыбаев "Бірақ" бағдарламасының тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы шығарылымына қатысты туындаған резонансқа жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Кемелбек Ойшыбаев бағдарламаның аталмыш жағдайын "шалыс басқан қадам" деп атады:

"Біздің арнадағы жаңадан эфирге шыға бастаған «Бірақ...» әлеуметтік ток-шоуына қатысты түрлі пікір жазылып жатыр. ТВ-дағы айтылған мәселеге көңіл бөліп, пікірлерде жазып жатқан уәждеріңіз назарымыздан тыс қалып жатқан жоқ. Қалдырған пікірлердің ішінде бағдарламаның жүргізушілерін, авторларын іздеп, біраз сұрақ туындатқан екен. «Бірақ...» бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болды. Жобаның басты мақсаты – қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік мәселелер, отбасылық құндылықтар және басқа өзекті мәселелерді көтере отырып, спикерлер, психологтар, заңгерлер мен басқа да сала мамандарымен бірлесіп, талқылау және шешу жолдарын іздеу. Бұл тақырыпты қозғап, нақ осы кейіпкерлермен бағдарлама жасау арқылы қоғамды дүрліктіріп, вирустық контентке айналдыру ниетінен аулақпыз" деп жазды ол.

Жағдайға қатысты бағдарлама ұжымы қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де кешірім сұрады:

"Кешегі эфирде бір отбасының мәселесі тікелей эфирде көрсетілді. Орын алған жағдай әрқилы пікірлер легін туындатты. Осы оқиға аясында тіпті қоғамның көкейінде жүрген өзге сауалдар әлеуметтік желілер кеңістігіне ағылғанын мұқият оқыған адам байқар. “Бірақ”-тың шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды. Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар. Өз алдына қонағымыз болып келген Гүлмира Смайлова мен “Қорғау-Астана” кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз" деп жазды Кемелбек Ойшыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, қоғам "Хабар" телеарнасында тікелей эфирде көрсетілген "Бірақ" бағдарламасының шығарылымына наразылық танытқан еді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған бағдарлама үлкен шуға айналғанын жазған едік. 

Пікірлер