"Тұрмыстық зорлық-зомбылықты ақтап алмақ болды". Хабар арнасындағы теле-шоу шуға айналды

2848
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

"Хабар" арнасындағы "Бірақ..." бағдарламасы қоғамдық резонанс тудырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы белсенді Дина Елгезектің постына сілтеп. 

"Хабар" арнасы тікелей эфирде көрсеткен "Бірақ..." бағдарламасының тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйел туралы шығарылымы көптің ашуына тиді.

Журналист, белсенді Дина Елгезектің жазуынша, бағдарлама авторлары "ішкіш" күйеуінің тепкісіне төзген, жәбірленуші әйелді эфирге алдап шығарған:

«Бірақ» деген ток-шоу кеше жылдар бойы күйеуінен таяқ жеп, ақырында қолын сындырған соң алты баласымен ажырасып кеткен әйелді студияға шақырды. Әйел ажырасқан соң Шымкенттен Астанаға көшіп келген. Үш ай бұрын күйеуі олардың Астанадағы үйін тауып алып, ішіп келіп тағы шу шығарған. Содан бері әйел балаларымен тұрмыста зәбір көргендер паналайтын орталықта тұрып жүр. Осы орталыққа «Хабардың» журналистері хабарласып, күйеуінен таяқ жеген бір әйелді тауып беруді сұрайды. Орталықтың жетекшісі Анна Рыль «әйелге қаржылай көмектесетіндер табылар» деп осы кісімен байланыстырады. «Хабардың» тілшілері әйелге «Студияда күйеуіңіз болмайды, түріңізді көрсетпейміз, маскада боласыз» деп уәде берген соң, апай ток-шоуға баруға келіседі. Бірақ тікелей эфир кезінде бұрынғы күйеуі студияға кіріп келеді. Әйелге қалай қорлағанын, қалай таяқ жегенін жүргізушілер тағы айтқызады. Жылап отырып айтып береді. Күйеуі «өтірік айтпа, өтірік айтпа» деп отыр. «Ақ болсаң, маскаңды шеш, неге маскада отырсың?» деп тиіседі. Әйел «қызым сұрады маска киюді» десе де, шешіп тастайды" деп жазды ол.
Бағдарлама жүргізушілері ерлі-зайыптыларды татуластырмақ болған. Студияға гүл алдырып, күйеуіне бергізіп, бітімге келтірмек ниетте студияда отырған сарапшыларды, нумеролог, психологтарды сөйлетеді. Олар жұптың бір-бірін түсінісуі керектігін айтады. 19 жыл ғұмырын күйеуінен таяқ жеумен өткізген әйелдің сұм тағдырға көнуін "миға қонымсыз" деп атады көпшілік:
"Ток-шоу істедік деп мәз шығарсыздар, «Хабардағы» әріптестер. Кейіпкерге берген уәдеде тұрмай, этиканы бұзғандарыңыз — бөлек әңгіме. Сіздер онсыз да өмір бойы ауыр психологиялық травма алған, содан емделіп жүрген адамды қорлап, әйелге үлкен қауіп төндірдіңіздер. Жылдар бойы таяқ жеп, күйеуінен зәбір көрген адамның нәзік, сезімтал психикасымен бұлай ойнайтындай сіздер кімсіздер? Ток-шоудан соң әйел ес жинай алмай, ұзақ жылады дейді. Оған бірдеңе болса, жауап бересіздер ме?! «Хабардағы» (еркек) жүргізуші эфир кезінде «Тұрмыстағы зорлыққа әйелдің өзі жеткізетін шығар, мүмкін шыдау керек шығар?» дегендей сұрақ қояды. Сарапшы ретінде шақырылған нумеролог (!) «еркекке еркелеу керек, алдына түсіп алмау керек» дегендей ақыл айтады. Басқалар да әйелді татуласуға шақырады. Айта берсең көп... «Хабар», ток-шоу істемей-ақ қойшы" деп қосты Дина Елгезек.
Аталмыш шығарылымға қоғам белсендісі, продюсер Перизат Мырзахмет те пікір білдірді. Ол бағдарламаны "Бишімбаев сияқтыларды ақтауға арналған жоба" деп жазды өзінің инста-сторисінде:
"Хабар арнасының "Бірақ" деген ток-шоуы, продюсерлері, редакторлары, жүргізушілері қаншама әйелдің бетіне түкірді. Рейтинг үшін арзан әдіске бару, жаны жаралы әйелді, балаларды қорлау - еліміздегі журналистиканың айқын бейнесі. Әдеттегідей ток-шоу емес "боқ-шоу" екендерін дәлелдеді. Бұл Бишімбаев сияқтыларды қолдауға арналған жоба. Сотпен қатар эфирге шығуының өзі бүкіл сценарийді ашып тұр" деп жазды ол.
Резонансқа қатысты «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев кейіпкерлерден, халықтан кешірім сұрады:
"Біздің арнадағы жаңадан эфирге шыға бастаған «Бірақ...» әлеуметтік ток-шоуына қатысты көңіл бөліп, үн қосып жатқандарыңызға рахмет. Бір нәрсені түсіндіре кетейік. «Бірақ...» бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болды. Жобаның басты мақсаты – қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік мәселелер, тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасылық құндылықтар және басқа өзекті мәселелерді көтере отырып, спикерлер, психологтар, заңгерлер мен басқа да сала мамандарымен бірлесіп, талқылау және шешу жолдарын іздеу. Кешегі эфирде бір отбасының мәселесін көрсету арқылы, мүмкіндігінше ерлі-зайыптыларды татуластырып жіберуді көздеген едік. Өкінішке қарай, бұл мүмкін болмады. Сондықтан біздің бағдарламаға қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де кешірім сұраймыз. Алдағы уақытта да қоғамдағы өзекті мәселелерден тыс қалмаймыз деген ойдамыз" деп жазды ол.

 

Пікірлер