Қарызын 90 күннен асырып төлемегендерге тұтынушылық несие беруге тыйым салынуы мүмкін

975
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізу ұсынылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ мәлімдеді. 

«Проблемалық қарыздары бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі. Бұдан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады», - деді Шапақ.

Оның айтуынша, проблемалық кредиттерді реттеу рәсімдерін іске асыру арқылы азаматтардың проблемалық берешек деңгейін азайту маңызды шара болып табылады. Соңғы жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары өз баланстарын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық кредиттерін айтарлықтай жеңілдікпен коллекторларға беру практикасы қалыптасты. Сондықтан да қарыз алушылардың мерзімі өткен берешекті реттеу құқықтарын қорғау үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың кредиттерін төлем мерзімі өткен кезден бастап 24 айдан соң және кредитор берешекті реттеу рәсімдерін жүргізгеннен кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылады.

«2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің 890 мың азаматының 382 млрд. теңге сомасындағы қарыздары коллекторлық агенттіктерге берілген», - деді Үнзила Шапақ.

Сонымен бірге, бұрын несиелері коллекторлық агенттіктерге берілген қарыз алушыларды қорғау үшін инкассаторлардың жеке тұлғалардан сатып алынған несиелер бойынша берешегін реттеу міндеті енгізілуде. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылу маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салынуда.

Сонымен қатар, заң жобасы несиелік берешекті өндіріп алу кезінде қарыз алушының банк шотында сақталатын ақша сомасын ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еседен екі есеге дейін ұлғайтады және берешекті өтеу және өндіріп алу рәсімінің мерзімін 18 айдан 12 айға дейін қысқарту көзделуде.

Пікірлер