Мәскеудегі мәміле. Мишустин шақырды - Бектенов барды

858
Adyrna.kz Telegram
Фото: Министрлер Кабинетінің баспасөз қызметі
Фото: Министрлер Кабинетінің баспасөз қызметі

Мәскеуде Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин келіссөздер жүргізді. Бұл туралы ҚР Министрлер Кабинетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

«Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустиннің шақыруымен Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Келіссөздер барысында үкімет басшылары ағымдағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин арасында жасалған келісімдердің орындалу барысы туралы талқылады», — делінген хабарламада.

Министрлер кабинетінің хабарлауынша, тараптар сауда-инвестициялық, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация, сондай-ақ транзиттік және көліктік ынтымақтастық салаларында бірлескен іс-қимылдарды белгіледі. Сонымен қатар, ақпаратқа сәйкес, мәдени-ағарту саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

«Бектенов өнеркәсіптік кооперация мен сауда-саттық өзара іс-қимылды дамытудың оң қарқынын атап өтті. Қазіргі таңда екі елдің кәсіпкерлік субъектілері жалпы құны 26,5 миллиард доллар болатын 135 жобаны жүзеге асыруда, сонымен қатар экономиканың негізгі салаларында, соның ішінде машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібінде жалпы құны 14 миллиард доллар болатын 67 бірлескен жоба әзірленуде», - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бірлескен күш-жігердің арқасында 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

«Елдер арасындағы қарым-қатынастар сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша жемісті дамып келеді. Маңызды бағыт – өнеркәсіптік кооперация. Бұл табысты екіжақты ынтымақтастықтың белгісіне айналды. Біздің елдердің үкіметтері елдеріміздің басшылары қол жеткізген барлық уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салады», - деді Бектенов.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстарын жеделдету және синхрондау қажеттігін атап өтті.

«Кезеңді жұмыс аясында 2027 жылдың соңына дейін жүктемені ескере отырып анықталған 30 бақылау-өткізу пунктінің 29-ы қайта жаңғыртылады. Бұл шаралар транзитті жеңілдетеді және ортақ шекараның бүкіл ұзындығы бойынша өткізу қабілетін арттырады. Сондай-ақ халықаралық «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің әлеуетін кеңейтуге, Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржол учаскесін қарқынды пайдалана отырып, көлік артериясын дамытуға назар аударылды», - деп толықтырды үкімет.

Қазақстандық тарап сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық бере отырып, аграрлық сектордағы ынтымақтастықты жандандырудың перспективалы бағыттарын айтты.

Мишустин өз тарапынан мемлекет басшылары деңгейінде қабылданған барлық шешімдер мен уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

«Біз Қазақстанмен өзара құрмет, сенім және стратегиялық әріптестік қағидаттары негізінде қарым-қатынасты нығайтуға басымдық береміз. Өнеркәсіп, энергетика, медицина, көлік инфрақұрылымы, цифрлық технологиялар салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Мен Ресей мен Қазақстанның көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық үшін орасан зор әлеуеті бар екеніне сенімдімін. Еуразиядағы ең маңызды транзиттік бағыттар біздің елдеріміздің аумақтары арқылы өтеді», - деді Мишустин.

Тараптар өңіраралық ынтымақтастықты, сондай-ақ білім беру саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Келіссөздер нәтижесінде үкімет басшылары мемлекетаралық қатынастардың барлық спектрі бойынша бірлескен жұмыстың жоғары қарқынын сақтау ниетін растады», - деп хабарлады үкімет.

Пікірлер