«Қоғамды шатастырады». «Атамұра» баспасы «Әліппеге» қатысты бейнежазбаға түсініктеме берді

1039
Adyrna.kz Telegram

«Атамұра» баспасы Facebook желісінде Досай Кенжетайдың «Әліппеге» қатысты бейнежазбасына түсініктеме берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«2022 жылдың 8 қараша күні Досай Кенжетай өз парақшасында «Қайтқан «Әліппе» туралы» деген тақырыппен бейнежазба берген болатын. Сол шындыққа жанаспайтын бейнежазбаны түсінбестен басқа парақша иелері дәл бүгінге дейін 84 рет көшіріп жариялап отыр. Бұған дейін «Атамұра» баспасы мен Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы: «...қайтқан Әліппе» деп кездейсоқ адамның видеосындағы кітапты көпшілікке жариялауыңыз дұрыс болмады. Сондықтан парақшаңызға осы постты терістеп жазып, видеоны өшіруіңізді сұраймыз», – деп жазған болатын. Өтініштің ескерусіз қалдыруына байланысты «Атамұра» корпорациясы осы жазбаға қатысты өз наразылығын тағы да бейнежазба авторына жолдайды»,—делінген хабарламада.

Баспа негізсіз жазбалар көпшілікті шатастыратынын атап өтті.

«Байыбына бармаған байбалам мектеп оқушыларының ата-аналарын, бүкіл қоғамды шатастырады. Бейнежазбада өзі көрінбейтін әйел, шамасы, оқушының анасы шығар, әлдебір «Әліппе» деген кітапты парақтап, оның  бетіндегі әріп пен атауы сол әріптен басталатын аңды көрсетіп, «бұл сауатын ашатын қазақ баласына сай емес» деп сынайды.

«П» әрпіне панданы, «У» әрпіне улы жыланды бір бет етіп салған «Әліппені», анығында «Әліппе-сымақты» мүлде басқа баспа шығарған. Әрі ол мектеп бағдарламасының ресми оқулығы емес. Бейнежазбада саусағы мен дауысы бар әйелдің осының ақ-қарасын ажыратуға зердесі жетпеген шығар, ал белгілі жоғары оқу орнының білдей профессорының «Қайтқан «Әліппе» туралы» деп түсінік бере отырып, оны өз парақшасына қойғаны қалай?»,—деп жазды корпорация.

«Атамұраның» мәлімдеуінше, бейнежазбадағы кітап жалпы білім беретін мектептің 1-сыныбына арналмаған.

«Қалың қауымның талап етуімен 2021 жылы «Әліппе» мектепке қайта оралды. Мектеп табалдырығын аттаған жас ұрпақ сол «Әліппе» арқылы білім алуды бастағалы үшінші оқу жылы өтіп жатыр. Бірақ аты-жөні белгісіз әйелдің саусақтары көрсетіп тұрған, Досай Кенжетай мырза «Қайтқан «Әліппе» деп мысқылдағаны Оқу-ағарту министрлігі ұсынған, жалпы білім беретін мектептің 1-сыныбына арналған «Әліппе» емес.

Шындығында, «Атамұра» баспасынан шығып, бүлдіршіндерімізге қайта оралған жаңа «Әліппе» мүлде басқа.

Сараптамадан өтпеген, министрлік тізіміне енбеген кез келген кітап немесе кітапшаны «Әліппе» деп халыққа ұсынуға болмайды. «Әліппе» атауымен шыққан бұл кітапша қолданыстағы «Әліппеге» үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Түркістандағы университет профессоры Досай Тұрсынбайұлы Кенжетай мырзаның мұндай байыбына бармаған байбаламды неге парақшасына шығарғаны түсініксіз. Оған «Қайтқан «Әліппе» туралы» деп өз тарапынан сөз қосқаны – жалған ақпарат тарату болып саналады. ҚР Қылмыстық Кодексінің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» 274-бабы бойынша Досай Тұрсынбайұлы Кенжетайдың әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқаны үшін заң алдында жауап беруін талап етіп, құқық қорғау органдарына жүгінетінімізді хабарлаймыз»,—деп толықтырды баспа.

Пікірлер