“Академик болатын адам еді”

1009
Adyrna.kz Telegram

12 наурыз күні 67-ге келуші еді…

Осыдан екі күн бұрын аяулы ағаның қатты ауырып, хәл үстінде жатқанын осында жазып едім. Аяғы осылай болды. "Дүниенің басы сайран, арты ойран" деген осы. Бас-аяғы екі-үш аптаның ішінде кете барды. Есімізді жиып, еш қайрат қыла алмай қалдық. Қапыда кетті есіл ер. Арыз-арманы ішінде кетті. Егер дәрігерлер қатерлі ісік екенін дер кезінде анықтағанда, шетелге емге апарып, аман алып қалуға болар ма еді?

Хәкім Омар 1957 жылы қазіргі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу қалашығында дүниеге келді.
1979-1985 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінде білім алды. 1985-1988 жылдары Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясында редактор болып еңбек етті. 1989-1994 жылдары Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институтында, 1992-1994 жылдары республикалық Қазақ тілі қоғамында қызмет істеді.

Өмірінің соңына дейін өзі құрған "Темірқазық" фирмасын басқарды.
Кезінде Хәкім Омардың әдеби еңбектері республикалық "Жұлдыз", "Жалын", журналдарында, "Қазақ әдебиеті" газетінде, сондай-ақ Ақселеу Сейдімбек негізін салған"Әлем" альманағында, ғылыми еңбектері ҰҒА "Вестник" ғылыми жинағында жарияланып тұрды.

1989 жылы Алматы қаласында "Желмая" қоғамдық ұйымын құрды. Белгілі журналист Бақтыбай Жұмаділдин екеуі тұңғыш рет қазақ-орыс тілінің салалық сөздігін жасады. Сол жылдары осы екі азамат Алматы дүкендеріндегі бұйымдар мен бағалардың (ценниктердің) аты-жөндерін өз күштерімен қазақшалап шыққан. Бұған дейін барлығы орыс тілінде ілініп келген ғой.

1990 жылы Хакім Омар, Арон Атабек, Бақтыбай Жұмаділдин үшеуі сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақ мүддесіне байланысты 12 талап қойып, түгелін табандылықпен орындатып еді. Марқұм Арон Атабекпен мұраттас, мүдделес тізе қосқан дос-жар болысты. Бұл кісілердің ел мүддесі үшін үндемей жүріп тындырған істерін айтып тауыса алмаспын. Басты бастыларын ғана жазып өтейін.
Мәселен, Хакім Омаров Жібек жолы-Панфилов көшесінің қилысында орналасқан "Темірқазық" фирмасының офисінде ұзақ жылдар бойы "Түркітану семинарын" ұйымдастырып жүргізді. Бұл семинар екі аптада бір рет болатын. Мұнда көтерілген ғылыми тақырыптарды және айтып тауыса алмаспын. Тек бұл семинарда лекция оқыған ғалымдардың аты-жөнін ғана тізіп өтейін. Оның өзінде есімізге түскендерін ғана. Олар:
Антрополог Оразақ Смағұлов,
моңғолиялық археолог Турбат Цагаан, атақты Едіге Тұрсынов
Ербол Құрманбаев,
түркітанушы Аманқос Мектептегі ,
Тіл ғалымы Ерден Қажыбек,
Жұмажан Байжумин
Дастан Елдесов
Дана Мейірбекова
Алексей Никонов
Самат Өтениязов
Ермек Нарымбай
Напіл Базылхан
Қайрат Жаңабай,
Альмира Бекетқызы
Аслан Жақсылықов
Нұрлан Бозтаев
Нұрлан Амиркулов
Марат Сембин
Әсия Мухамбетова
Бердалы Оспан
Марат Томпиев
Мақсат Байлы
Арман Нұрмұхамедов,
Асхат Шүленбай
Қымбат Әбділдина
Сәкен Сейфуллин
Ермек Нарымбай
Арман Əубəкір
Айжан Түргембаева

Есімізге түскендері әзірше осы ғана. Мұның өзінен "Түркітану семинары" ауқымының қаншалықты зор болғанын шамалауға болады.

Бір қызығы әр семинардың соңында Хәкім аға көл-көсір дастархан жаятын. Сөйтіп, мінбеде айтылған ой-пікірлер енді мол дастархан басында жалғасын табатын. Осының бәрінен ол қаражат аямайтын. Бұл жөнінен ол баяғының мырзасындай еді. Жаны да, қолы да, жолы да жомарт еді қайран ағамның! Кімдерге пана, кімдерге қамқор болмады Хәкім мырза!

"Бір күні, – деп еске алады Хәкім аға, – таңертең есік алдына шықсам, біреулер көшіп келіп жатыр. Екі-үш адам тең-тең жүктерін көліктен түсіруде. Жанында қартаң тартқан кісі жүр. Жақындап барып едім әлгі кісі әй-шәй жоқ: – Әй, Хакім, мен Базылхан Бұқатұлы деген ағаңмын, осы Қазақстанға сен бар деп көшіп келдім. Мына жүктерді үйіңе кіргіз. Мен сенің үйіңде тұрамын, – деді.
– Ой, аға, хош келдіңіз, көшіңіз көлікті болсын! Үйімнің өзі де, төрі де сіздікі, қанша жыл тұрамын десеңіз де, өзіңіз білесіз, – деп жатырмын ағаны танып. Содан Базылхан аға отбасымызға қосылды. Баласы Нәпіл Базылхан туған інімдей боп кетті. Базылхан ағам шаршағанда шарап ішеді. Ішіп алса мінезі шатақ адам, Анар жеңгең екеумізді үйден айдап шығады. Айдап шыққаны аздай, үйді айналдырып, тырқыратып қуып жүреді" – деп Хәкім аға шегі қатып күледі.
– Сонда мұныңыз қалай демейсіз бе, бір уақ, – деймін мен.
– Жоға!,Ұлы ғалым ғой, еркелейді ғой, – дейді Хәкім аға жайбырақат. Мен Базылхан ағаны көрген жоқпын. Бірақ баласы Нәпілдің Хәкім ағаға әкесі құсап еркелегенін көрдім.

Хәкім ағаның үйінен де кісі арылмайтын Асырып айтсам, дүниежүзінен қонақтар келетін. Қонақтардың бір шеті Венгрия, бір шеті Түркиядан, жақыны Қырғызстан, Өзбекстаннан келіп жататын. Ел ішінен келетін қонақтарда есеп жоқ еді. Ең ғажабы, Хәкім аға әр қонағына оқалы қымбат шапандар, бағалы бұйымдар сыйлайтын. Бір жылы үйіне келген оншақты түркиялық ғалымдардың бәріне шапан кигізіп, сый жасады. Бұл жөнінен Алматының қымбат шапан тігетін фирмалары Хәкім мырзаға ырза шығар?!

Хәкім ағаның шаңырағындағы жиындар аса көңілді өтетін. Қонақтар шалқып отыратын. Ән-күй төгіліп жататын. Осындайда менің есіме Ақтамберді жыраудың:
"Мұртымыз көкке шаншылып,
Мұрындап сөйлер ме екенбіз?!"
–"деген жыр жолдары түсіп кететін.

Марқұм Анар жеңгеміз қандай еді. Ғылым докторы бола тұра, соншама қонақты зыр қағып жүріп күтетін. Арасында ән салуға уақыт табатынын қайтесің.
Хәкім аға аса дәулетті кісі емес еді. Тек шағын, откырытка бизнесі бар еді.
"Ісләм Жарылғапов ағам қазақтың сөздік қорына бес мың сөз қосты. Мен откырытканы "Әсемхат" деп аудардым. Осы сөзім қазақтың сөздік қорына кірсе, арманым жоқ, – деуші еді жарықтық.
Сол откырытка бизнесі ватцап желісі шыққаннан соң күйрей бастады. Бір күні кеңсесіне барсам, "Неше күннен бері откырытка өтпей отыр, осымен тоқтайтын шығар" – деді. Шынында да тоқтады. Ағам қаржысыз қалды. Содан ковид келді. Ол жолы өлім аузынан қалып еді. Алайда содан кейін оңала алмай қойды. Жары Анар жеңгейдің өлімі жанына қатты батты. Небір аяулы достарынан айырылды. Ұзақ жылдар Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының әкімі болған туған ағасы, Хамит Омаровтың кенеттен қайтыс болуы – тіпті тұралатып кетті.

Бүгін Қарағандыдан Болат Сыздықов ағам хабарласып, марқұмның қасиеттерін айта келе, "Академик болатын адам еді", – деп жатыр.
Иә, болатын еді академик! Бірақ Хәкім Омаров бар қажыр-қайратын, білімі мен білігін ел ісіне, қоғам жұмысына арнады және мұнысын еш бұлдамай өмірден өтті. Елеусіз болуды хош көрді, есіл ер!

Қош бол Хәкім аға, аяулы ағатайым! "Азамат ең әуелі ел сағынар, елден соң туып өскен жер сағынар", – деп Кенен атам айтқандай, елімді сағынғанда сізге барып, шерімді тарқатып, мауқымды басушы едім. Енді кімге барам, ағатайым-ау?!
Қош, Хәкім аға, қош, қош, асыл ағатайым! Көрмеген көшеңізден жарылқасын! Тәңір әз жаныңызды панасына алсын!

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ

Пікірлер