ЕРЛАН ТӨЛЕУТАЙ: Ақысызға барсаң, ауру екеніңді - ақылыға барсаң, сау екеніңді дәлелдей алмайсың...

10308
Adyrna.kz Telegram

Көп күннен бері көңіл күйім жоқ. Ер көңілді, мәрт жанды, жерлес ағам бар еді осы қалада. Зиялы, оқымысты, сергек саналы, елге жанашыр, қадірлі азамат. Бір байлығы – кітапханасы. Аралағанда көзім тұнып кетеді. Әлемдік әдебиет пен тарихтың небір жауһарлары, сирек кітаптар емен сөрелерді қайыстыра, тізқатар тізіліп тұрады. Өзі осының бәрін оқыған, күллісін тауысқан. "Білімдінің алды жарық" емес пе, қолым босағанда арнайы барып сағаттап әңгімелескенімде санам сәулеленіп, бойым сергіп қайтушы еді.

Соңғы жылдары көп ауыртпашылық көрді. Көп жыл отасқан жан жарынан, туған ағасынан, ең жақын пікірлес достарынан айырылды. Басқада көлденең қиыншылықтар кездесіп, кәдімгідей қатты күйзелтіп жіберді. Уайым түбі – дерт. Ақыры ауыр науқасқа шалдықты. Қазір хәлсіз жатыр. Кеше барып көңілін сұрап қайттым. Қасында екі сағат отырғанымда екі ауыз тілге әрең келді. Осындайда дәрменсіздігіңе налисың. Еңсем түсіп, әл-дәрменім құрып, үйге әзер жеттім.

Жаздан бері дәрігерге көрініп жүрген еді. Бір жолыққанымда, доғдырлар қан құрамында ауытқушылық бар деп емдеп жатыр деген. Телефон соғып тұрам, дәрігерлер анау деп жатыр, мынау деп жатыр дейді. Сонымен қан емдеу ұзаққа созылып кетті. Сөйтіп жүргенде, осы таяуда қысылма (приступ) ұстап, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер енді іш-құрлысты қарайды. Сөйтсе, сұмдық – онкология! Өтіп кеткен! Енді қылар амал жоқ. Күпті көңілге үміт таппай алаң-елең күй кешуліміз.

Өткенде көп жылдар аяқ-табағымыз араласқан жақын көршіміз жылап хабарласты. Онкология ауруханасының дәрігерлері жаман ауру – төртінші стадия деп диагноз қойды деп зар еңірейді. Зайыбым басу айтып жатыр, ондай болсаң, сөйлеуге хәлің келмес еді, Астанаға бар, тіпті басқа қалаға бар, былай болуы мүмкін емес деп. Содан көршіміз Астанаға барды. Ол жақтағы онкологтар Алматының диагнозын қоштаған. Мұнда қойғаны өкпенікі еді, ондағылар тіпті тік ішегіңде де ісік бар деп күдік айтқан. Содан жазған құлда шаршау барма – басқа қалаға асады көршіміз. Ондағы онкологтар оншақты күн қарап түк таппайды. Ешқандай қатерлі ісік жоқ, тек өкпеге қатты суық өткен депті. Қазір сонда ем алып жатыр. Жағдайы жақсарып, денсаулығы түзеліп қалған.

Айтпақшы, дәл "Қаңтар қырғыны" кезінде жолдасынан айырылған еді. Онда да осы дәрігерлердің диагнозды дұрыс қоймау салдарынан. Қалқамандағы аурухана диагнозды қырық құбылтумен болды. Біресе жүрек, біресе өкпе деді. Сосын бауыр деді. Содан "Қалқаманнан" алып шығып, Алматының басқа ауруханасына апарды жанұшырып. Сөйтсе, мүлде басқа дерт. Олар жанталасып емдей бастайды. Бірақ кеш. Есіл азамат 56 жасында өліп кетті. Соңғы ем-дом жасаған дәрігерлер айтыпты: "Негізі, кісі өлетін ауру емес, тек диагнозы қате қойылған" деп.

Айта берсең мұндай мысалдар көп.

Сонда деймін-ау, біздің медицина қайда бара жатыр? Қарап отырсаңыз, Үкімет медицина ісіне қыруар қаржы бөлуде. Ауруханалар мен емханалар соңғы үлгідегі озық аппараттармен жабдықталуда. Бірақ осыларды бүге-шігесіне дейін меңгерген білікті маман тапшы. Әйтпесе сау адамға қатерлі ісік деп, қатерлі ісігі бар адамның дерті әбден асқынғанша созбас еді ғой.

Ауруханалар мен емхананалар ақылы мен ақысыз болып, бөлініп алған. Ақысызына барсаң, ауру екеніңді, ақылысына барсаң, сау екендігіңді дәлелдей алмай, дал боласың. Бәрінің көкейін тескен ақша. Гипократ анты далада қалған. Әсіресе, Алматының ауруханалары сын көтермейді.

2020 жылы көзім көрмей қалды. Еліміздің дәрігерлері үміт жоқ деді. Содан әр мемлекетке хабарласып, ақыры Мәскеу дәрігерлері кепілдік берген соң, Ресей астық. Үш айдың ішінде бұрынғыдай болмаса, көз жанарыма жарық дүниені көргізіп берді. Алғысымды айта-айта елге қайттым.

Әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, жанына шипа іздеуге көмек сұрап, шетел асып бара жатқан науқастар. Сонда бұл қалай, осы уаққа дейін сол науқастарға өзімізде ота жасауға деңгейіміз неге жетпеуде? Елімізде білікті дәрігерлер дайындау ісі қашан жолға қойылады? Сонау жылдары шетелге бала сатумен айналысып келген перзентханалар ісі осылай жабулы күйінде қала бере ме? МӘМС-тен де мән қалмауда. Сонда еліміздің Денсаулық сақтау ісіне бөлінген миллиардтар қайда кетуде? Сауал көп, жауап жоқ.

Әлгінде хабар келді. Ақылы ауруханада жатқан жерлес ағамды ренимацияға әкетіпті. Көңіл күпті, ұйқы келер емес.. Еріксіз осыны жазып отырмын. Басқа қолдан келер дәрмен жоқ...

 

Erlan Toleutai

 

 

 

Пікірлер