Белсенді Мұхтар Тайжан Бишімбаевтың әкесін барлық атақ-марапатынан айыруды ұсынды

939
Adyrna.kz Telegram
Фото: el.kz
Фото: el.kz

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан әйелін өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әкесі - Уәлихан Бишімбаетың көмегінің арқасында жазадан құтылып кетуі мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

22 ақпанда Бишімбаевтың адвокаттарға берген сұхбатында кісі өлтірмегенін айтып, өз кінәсін мойындамайтынын жеткізген.

Осы мәселеге қатысты саясаткер Мұхтар Тайжан "адвокаттармен сұхбат - Қуандық Бишімбаевтың атын ағарту үшін жасалған үлкен науқанның бір бөлігі ғана" деп есептейтінін айтты. Ол бұл істің бастамашысы ықпалды депутат, академик және күдіктінің әкесі Уәлихан Бишімбаев екеніне сенімді.

"Мен кісі өлтірушілердің өмірін сақтап қалған дәрігерлерді кінәламаймын. Бұл олардың кәсібі, міндеті және анты. Олар кез келген адамды емдеуге және құтқаруға міндетті. Мен сондай-ақ кісі өлтірушілерді қорғайтын адвокаттарды да кінәламаймын. Бұл да олардың кәсібі, міндеті, анты. Олар әрбір адамды қорғауға міндетті.

Бірақ мен Бишімбаевтың әкесі, академик, лауреат, еңбек сіңірген қайраткер, ректор және "Нұр-Отанның" депутаты, Назарбаевтың досы Уәлихан Бишімбаевты кінәлаймын. Ол мемлекет (халық) қаржысын тонаушы ұрыны тәрбиелеп, өсірді. Мұны сот дәлелдеп отыр. Сонымен қатар ол Назарбаевтың ұлына мерзімінен бұрын кешірім жасауына қол жеткізгеніне сенімдімін. Сондықтан қылмыскер бостандыққа шығып, өзінің жазаланбайтынына сенімді болды. Ал бұл жағдай үлкен трагедияға әкелді.

Қазір кіші Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы ерекше қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді. Енді, міне, БАҚ арқылы ол ұлын ақтау науқанын ұйымдастырып отырған әке екеніне тағы да сенімдімін. Баласының әрекетіне өкінгені туралы сөз жоқ. Егер сот Қуандықтың кінәсін дәлелдесе, онда әкесін барлық құрметі мен атақ-марапатынан айыруды талап ету керек. Оның тәрбиесі жазықсыз адамның өліміне әкелді. Ол салтанат пен құрметке лайық емес, ол сөгіс пен ұятқа лайық. Бұл барлық жемқор ата-аналарға сабақ болады", - деді саясаткер өз ойын ашық айтып.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер