Ақын Қуандық Ақанов өмірден озды

1368
Adyrna.kz Telegram

Ақын Қуандық Ақанов өмірден озды. Қайғылы хабарды Байбота Қошым-Ноғай жеткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қуандық Ақанов бауырым бұл дүниені тастап жүре беріпті. «Ай, айналайын-ай! Алдынан жарылқасын! Осыдан бір-екі жыл бұрын ғана танысып едік. Жақсы жігіт еді! Көрген сайын құшағын ашып жүгіруші еді маған!..» – деп бір ауыз сөзбен қоштастым. Қуандық ақын еді. Әлеуметтік желіде ара-тұра жырларын жариялап қоятын. Ол өз өлеңдерінен бұрын ылғи да өзге ақындардың шығармашылығына қамқор болып жүретін. Інісі Арда екеуі ақын Ержан Алаштуғанның «Тақсыр Күн» атты кітабының қайта жарық көруіне қол ұшын созғанының куәсі болғанмын. Қолынан келгенінше кінәсіз жазаланып жатқан қаракөз бауырларына араша түсті. Өзінен бұрын өзгенің – елдің қамын жеді.

Бұдан екі жыл бұрын «Аға, біраз әңгімелесіп отырайықшы» деп мені құшағына алып, бір топ өлеңін оқыды. Ұнаттым. Жылы сөздерімді аяған жоқпын. Менің мақтауымды қысылыңқырап отырып қабылдады. Сол отырған бойымызда суретке түсіп алдық. «Хабарласып тұрайық» деп тарастық. Бірақ тағдыр бізді бұлай ерте ажыратады деп кім ойлаған? Жалған-ай!..»— деді ол.

Назарларыңызға ақынның өлеңдерін ұсынамыз.

ТҮС

Елесі келіп ең тәтті мезгіл, мекеннің,

Түсіме кірді ескі үйі бүгін көкемнің.

Майшамның сығыр сәулесіменен сол үйде

Есігін таппай адасып кеткен екенмін.

Адаса басып,құтханамызға еніппін,

Қалқайып тұрған көкеме жақын келіппін.

Ертегі шерткен дауысын тыңдап, елітіп,

Сағынғанымнан үн-түнсіз жылай беріппін.

Оянып кеттім, өкініш кернеп көңілді,

Жүректің жасы көз көкжиегінен төгілді.

Балалығыма бір сәтке барып келгенмен,

Бір ғасыр өтіп кеткендей болып көрінді.

Өтті ғой жылдар, тағы өтер айлар, өтер күн,

Бөтенсің сен де, онда енді мен де бөтенмін.

...Ар-Рухым менің, ауыл сыртынан қарсы алар

Қарайып тұрған топсасыз тамы көкемнің...

СҰЛБА

Көздеріңнің көбесін ісік еткен,

Түсініксіз бір мұң бар, түсі неткен

үрейлі еді?! Дес бермес дүлейлері

Жалғанды көп, арманды құшып ек кем.

Шайырлары шарқ ұрған, сүлейлері

сынып тынған, тағдырдың ісі – көктен!

Суға ие еді жөйіттің Сүлеймені,

араққа құл ақын ба ең, ішіп өткен?!

Тірі көміп талайын, нұры кеміп,

Сол армандар жылайды күңіреніп.

Мең-зең күйің мені де мезі еткен-ді,

түс еді ғой, кеткен бе іңір еніп?!

Түріп тастап түнерген кезектерді,

Жүр екеуміз «бақыттан» сімірелік.

Салтанатты сыра мен арақ құрған,

У мен шуды тәрк етіп, таң аттырған

өзектенді өлеңім...

Сөз еткенмін сол сұлбаны, айнадан қарап тұрған!

***

Нұрсұлуға ғашық болған Шоқырдай

Қалам ба екен болашақта оқылмай?!

Мына қоғам жарнаманы сүйеді,

Жарнамасыз бақ бер, Тәңір, тоқымдай!

Жарнамасыз қазір күнің қараң ғой,

Атағы бар пенделер тек адам ғой!

Өз-өзіңді мақтамасаң түк те жоқ,

Ал, мен үшін ең бастысы қаламды ой!

Қаламыма ерік беріп жүремін,

Тағдырымды ақ парақпен сүремін!

Өлеңіме адал болып өтермін,

Соқпағанша, тоқтағанша жүрегім!

ҚҰЛАЗУ

Қонақ үй. Қуықтай бір бөлме,

Ояндым. Көңілде қаяу мұң.

Тек елес өткенгі түннен де,

Осы сәт өлуге даярмын.

Ойларым жыландай ысылдап,

Кекілі үміттің келтиген...

Жанымда ұйқтаған пысылдап,

мынау кім көтені теңкиген?

Алмақшы болған бұл өшің бе?

Тағдырым, бір сәтке аяшы?!

Қылығы ышқанған есімде,

Таныдым. Кешегі даяшы!

Берілді, о, қандай, уәде?

Мастыққа кінәны жабармын.

Құдайым, бәріне куәгер,

Тиісті жазамды алармын...

Алармын, тағы да қалармын,

Келе алмай нақты бір шешімге...

Мен дағы адасқан балаңмын,

Құдайым, сен мені кешірме?!

Қонақ үй. Қуықтай бір бөлме.

Дәл қазір өлуге даярмын.

Жүгенсіз осылай жүргенге

Сен қалай қарайсың, аяулым?..

***

Сәттерімде құлазыған, құлаған,

Кездерімде жүрек шаншып, жылаған,

Көше бойлап, ойға батып жүргенде

Сырнай тартып отыратын бір адам.

Запыранын сыртқа төгіп көңілдің,

Сырнайынан естілетін қоңыр мұң.

Тағы бірде әсем әуен ойнайтын

Тәттілігін білдіргендей өмірдің.

Күн күлімдеп, сейілгендей қара түн,

Сол әуеннен жаным рақат табатын.

Қыран құстай қалықтайтын қиялым,

Ал үмітім шырқап әнге салатын.

Жүргіншілер тастап кеткен тиыннан

Нәпақасын табушы еді бұйырған.

Домбығыңқы саусақтардан шыққан үн

Жабығыңқы жүректерге құйылған.

Тарыққанда тағдыр тағы сынаған,

(Жалыққанда арақпенен сырадан)

Іздеп келдім. Естілмеді сол дауыс,

Қамығыңқы көңіліме ұнаған...

.. Бақилыққа ұшқан әннің орнында

Қайыр сұрап отыр басқа бір адам...

***

Бұзылғанмын...

Қызық жанмын біртүрлі,

Мың түрлі ұлып, құбылта алам күлкімді.

Ішімдегі мәлім маған өз зарым,

Сендер менің көресіңдер... сыртымды.

Жан екенмін түсе берер көзге көп.

Елге мынау азық қылар сөз керек...

Шартарапқа,

«Қарқабатқа» сыймаған,

Шамасы, мен жаралғанмын өзге боп.

Өмірім де шексіз, шетсіз шегініс,

Жүрегі бар жан қалар ма жеңіліс?!

Арманымның ақ қанатты сұңқары,

Көңілімнің көз жетпейтін көгіне ұш!

Ада болып сабыр, ұстам, төзімнен,

Сая таппай сандалғаным сезілген.

Біреулерге кінә артудан аулақпын,

Бар кінарат мына менің өзімнен.

Сезінемін, өзіме-өзім дұшпанмын,

Қия көкке – қияметке құштармын.

Адамдардың тілін білмей, тіксініп,

Түсінемін неге тілін құстардың ?!

Қарқылдайды айналамда қарғалар,

Кезді күтіп ажал келіп, жанды алар.

Тозақ жаққа керуен кетіп барады –

Артқан күнә сықырлаған арбалар!

Күлгін түске боялып тұр күн бүгін,

Қайың қыз да жалаңаштап кіндігін,

Көктем маған айтып қойды шындығын...

Қызық емес, жындымын!

Пікірлер