Жылқы жұтқа ұшырады

1842
Adyrna.kz Telegram
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Ақмолада жылқы жануары арам өліп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" тілішсі Қазақпаратқа сілтеп.

Облыс тұрғындары малына алаңдап, төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр.

Әлеуметтік желіде Біржан сал, Бурабай және Зеренді аудандарында жылқы малының қырылған видеосы тарауда. Одан бөлек Ақкөл, Астрахан, Атбасар аудандарында да арам өлген жылқы көп.

Жылқышылар ауа райының әсерінен малдың қырылуы орын алғанын айтады.

Себебі жазда құрғашылықтан шөп бой салып, өспей қалған. Өңірде күз мезгілінде жаңбырдан егін көктеп, қаншама астық ысырап болыпты.

Ал желтоқсан айында жауған жаңбырдан кейін жайылымда мұз қатып, қалың қар түскен. Салдарынан тебіндеп жүрген жылқы азық таба аламай, көтерем болып, арам өліп жатқан көрінеді. Үлгі ауылының жылқышысы:

«Ұзақ жылғы тәжірибемде мұндай сұмдықты бірінші рет көріп отырмын. Бұл жұт емей немене?! Жайлымның барлығы жекеменішікке өтіп кеткендіктен мал ұстаған шаруға жылқысын қамап бағуға тура келді. Сол себепті, қоңыр күзге дейін жілігіне май бітпей, қысқа жүдеу түсті. Енді міне, қыстың қаһарына шыдай алмай арам өлуде. Бізде 45 жабағы арам өлді. Көрші ауылдарда қырылған жылқы саны 100-ден асады. Қар ерігенше әлі екі ай бар. Оған дейін қалған жылқымыздан айырылып, құрық ұстап қалмасақ екен», - деп алаңдайды Амантай Дүкенов.

Ақмола облысының ветеринария басқармасы басшысы да қасиетті жануардың індеттен емес, аштықтан өліп отырғанын айтқан.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов дабыл қаққан шаруаларға көмек көрсетіліп жатқанын айтады.

«Біржан сал, Бурабай, Зеренді, Ақкөл, Астрахан және Атбасар аудандардың тұрғындарынан тебінде жүрген жылқылардың азық таба алмай, қолға ұстап жатқаны туралы хабарламалар келді. Жағдайды бақылап отырмыз. Зеренді ауданының әкімдігі кейбір ауылдарға сабан, дизель отының жеткізіп, беріп жатыр. Сондай-ақ қазір біз ағаш баурайларында қатып қалған қарды күреп жатырмыз», - дейді Қасым Итқұсов.

Пікірлер