Министр жедел жәрдем жүргізушісін ұрған оқиғаға байланысты пікір білдірді

1028
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Ішкі істер министрі журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Журналистердің «Қарағанды қаласында жедел жәрдем жүргізушісін ұрған адам неге ұсталмай жатыр?» деген сұрағына министр «Иә, сондай факті болды. Қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі күнде сол күдікті іздеуде. Іздеу шаралары жүріп жатыр» деп қысқа жауап берді.

Еске салайық, 28 қаңтарда жедел жәрдем қызметкерлері дене қызуы көтерілген және қызылшаға күдігі бар баланы ауруханаға әкетпек болып Майқұдықтағы аулалардың біріне келген. Сол сәтте өтер жол қалдырмадың деп наразылық білдірген ер адам жүргізушіні соққыға жыққан.

Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған күдікті Нұрболат Дәкебаев үш күнннен бері ұсталмай жатыр. Бұл құқық қорғау қызметкерінің салғырттығы емес пе?

Полицейлер Қарағандының барлық сауда үйлері, бағаналар, аулалардағы дүкендер мен дәріханаларда Майқұдықта жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін ұрды деген күдікті Нұрболат Дәкебаев іздестіріліп жатқаны туралы хабарламалар ілді. Ер адам аса қауіпті қылмыскер болмағандықтан, күдіктіні іздеу шаралары 2-санатқа жатады.

Қазір жәбірленуші облыстық ауруханада мидың шайқалуы, қабырғасының жабық сынуы, бас сүйек гемотомасы сынды диагнозбен ем қабылдап жатыр. Денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл оқиғаға қатысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әлеуметтік парақшасында пікір білдіріп, мұндай жағдай құқық қорғау органдарының деңгейінде де, қоғамда да қатаң айыпталуы тиіс деді. Сондай-ақ, тергеу ісін тікелей назарда ұстайтынын мәлімдеді.

Пікірлер