Президент папаның ұстанымын құптайтынын айтты

1211
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Рим папасының шақыруымен Қасиетті Таққа алғашқы ресми сапарын жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті сөзінің басында әлемдегі адамзаттың игілігі жолындағы қажымас қайраты мен қажырлы күш-жігері үшін Католик шіркеуінің Жоғарғы Понтификіне ризашылығын білдірді.

– Сіздің дүниежүзі халқына бейбітшілік тілеген дұғаларыңыз мыңдаған католиктің ғана емес, басқа діндерді ұстанатын көптеген отандастарымыздың жүрегінен орын алып, саналарына сенім мен үміт ұялатты. Бүгінде өркениеттер тоғысында орналасқан көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі католик қауымының өз үйіне айналды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, барлық діндердің өкілдері Әділетті Қазақстанды құруға елеулі үлес қосуда.

– Біз «бірлігіміз әралуандықта» қағидатына негізделген бейбітшілік пен ұлттық диалогтың өзімізге тән моделін қалыптастыра алдық. Елімізде түрлі діннің өкілдері өздерінің ғибадатханаларында құлшылық ете алады. Діни сенім бостандығы құқығын қорғау – менің саяси бағдарымның ажырамас бөлігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Рим Папасы Францисктің «Қалаға және әлемге» атты дәстүрлі Жолдауын еске сала отырып, оның «Бейбітшілік – ең алдымен Құдайдың сыйы. Бірақ бұл – бәрімізге жүктелген үлкен жауапкершілік» деген сөздерін толық қолдайтынын жеткізді.

– Сіздің ұстанымыңызды толығымен құптай отырып, біз көптеген айырмашылықтарымызға қарамастан, бейбітшілік идеяларын, мәдениеттер мен діндер арасындағы тұрақты диалогты, әртүрлі дінді ұстанатын адамдардың игілігі жолындағы дамуды ілгерілету үшін баршамызға бірлік керек екеніне сенімдімін. Ізгі ниет білдіруге уақыт жеткілікті, келіссөздер жүргізуге кеңістік те бар, даналық танытуға әлі де мүмкіндік мол, – деді Мемлекет басшысы.

Пікірлер