Көпшілік шараның ақыры. Қырғызстанда ылдиға құлдилаған жүк көлігі оқушыларды қағып кетті

1121
Adyrna.kz Telegram
Фото: кадрдан алынған
Фото: кадрдан алынған

Қырғызстанда "балмұздақ тиелген фургон" деп хабарланған жүк көлігі ашық аспан астында «Манас» эпосын орындаған 29 оқушыны қағып кетті. Жеті адам жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Kaktus басылымы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Оқиға 2 мамырда Жалалабад облысында болған.

Ақпаратқа сәйкес, қайғылы оқиға мәдени шара кезінде болған. Мектеп оқушылары «Манас» эпосынан үзінді оқып, нөмір көрсетті. Оқиға кезінде "Портер" жүк көлігі ылдиға қарай құлдилап, балаларды қағып кеткен. Оқиғадан таралған видеода жүк көлігінің киіз үйді қағып барып тоқтағаны көрінеді. Киіз үй қирап қалған. Көлік киіз үйге дейін қаншама адамды қаққан, киіз үйде қанша адам болған - оқиғаның егжей-тегжейі әзірге хабарланбады.

24.kg агенттігінің хабарлауынша, апат салдарынан 9 бен 16 жас аралығындағы 29 орта мектеп оқушысы әртүрлі ауырлықтағы жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жеті бала Жалал-Абад облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды, үшеуінің жағдайы ауыр. Мәліметтер әлі де өзгеруі мүмкін.

Облыстық полиция департаменті бұл дерек тіркеліп, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жүргізуші жүк көлігін жоғарырақ жерге қойған, бірақ көлік төмен қарай құлдилап кеткен.

 

 

Бұл Орталық Азия елдерінде көлікті қауіпсіздік шараларын қарастырмай қаңтарып қою салдарынан  апаттар жиілеген кезде болып отырған оқиға. Былтыр сәуір айында Қазақстанда Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус жүріп кетіп, 4 жаяу адамды қағып кетіп, мерт қылған. Одан кейін қыркүйек айында Алматыда жол жиегінде тұрған автобус өздігінен шегініп кетіп, төрт көлікке соғылған.

Пікірлер